26 ақп, 2020 сағат 19:10

Дулат Исабеков Абай кеші жөнінде: Жүрекке үлкен ұя салғандай болды

Жазушы, драматург Дулат Исабеков Абайдың 175 жылдығына арналған поэзия және музыка кешінен алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгідей кеште мен бірінші рет отырмын. Өйткені, бұндай бір рухани ләззат алу, сахнаға сүйсініп қарап отыру, ондағы декорация және әншілеріміз, Абай өлеңдері – жүрекке үлкен ұя салғандай болды. Осындай концерттер, осындай бас қосар уақыт қашан болады екен деп жүр едім. Бұл–терең ойға жетелейтін кеш болды. Абайдың ой мұхитына шомылып шыққандай болдым», — дейді Дулат Исабеков.

Айта кету керек, кеш барысында көрермендердің өздері, ересектер мен балалар да ұлы ақынның өлеңдерін оқуға белсенді қатысты.

«Өте ғажайып. Абайдың бүкіл жүрегін ел-халқына жеткізген үлкен кеш болды. Ерекше күйге бөлендік. Адамның жүрегін тебірентерлік, толғандырарлық кеш болды», – дейді кешке келген қала тұрғыны.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыдағы Республика сарайында Абайдың 175 жылдығына арналған поэзия және музыка кеші өтті. Оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты.