01 мау, 2020 сағат 11:40

Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқын болған отандастарымызды да ақтау керек - Сабыр Қасымов

«Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғаны өте орынды дүние болды. Мұны жалпы қазақ қоғамы, зиялы қауым, тарихшылар мен өлкетанушылар, тұтастай алғанда ұлтжанды азаматтар көптен бері күткен еді. Мемлекет басшысының бұл шешімі өзінің саяси реформаларының, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңды жалғасы іспетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн» деген болатын. Демек, Президенттің соңғы үндеуі де, комиссия құру туралы шешімі де дәл осы бағытта жасалып отыр деп білемін», - деді ол. 

Сонау 1991 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылықтың себептері мен зардаптарын арнайы сараптаудан өткізу мақсатында Парламенттік арнайы комиссия құрған болатын. Жоғары Кеңес депутаты Манаш Қозыбаев басшылық жасаған аталған комиссия құрамында жұмыс істеген Сабыр Қасымов сол уақытта жұмыстың атқарылғанымен кемшіліктердің де орын алғандығын айтады. 

«Ол уақыт Тәуелсіздігімізді алып, «бөркімізді аспанға атып жатқан» сәт болатын. Өкінішке қарай 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның негізгі жерлерін көрші Ресей елінен көшіріп ала салған. Қазақтың ұлттық ерекшелігін, Қазақстанда болған қуғын-сүргіннің Ресейде болмағандығын айтып, заңды өзіміз жасауды ұсынған едік. Тіпті, Манаш Қозыбаев басқарған комиссияның ұсыныстарын сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары заңға кіргізбей қойды. Өйткені, қазақтың тең жартысы қырылып қалды», - деді Сабыр Қасымов. 

«Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің қолына тұтқын болған отандастарымыздың да әлі күнге ақталмай келе жатқандығына қынжылыс білдіреді. 

«1995 жылы Ресейдің сол кездегі Президенті Борис Елциннің Жарлығымен соғыс кезінде әскери тұтқын болған ресейліктердің барлығы ақталды. Ал біз осы күнге дейін соғыс кезінде тұтқын болған азаматтарымыздың ақтай алмай келеміз. Тарихты қайта жазу ойымызда жоқ. Бірақ, бұл әскери тұтқындар ақталуы тиіс», - деді ол.