30 сәу, 2020 сағат 12:10

Елбасы қазақстандықтарды 1 мамыр күнімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

***

Құрметті отандастар!

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мейрам ұлттық болмысымызды айқындайтын асыл қасиеттеріміз – достықты, сенімді және патриотизмді дәріптейді.

Мен ширек ғасыр бұрын осы мерекені белгілеу туралы шешім қабылдаған едім. Өткен жылдар ішінде біз еліміздің көпұлтты және көпконфессиялы құрылымын стратегиялық артықшылығымызға айналдыра алдық.

Қазақстан береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді және мемлекет құру ісінде зор жетістікке жетті.

Бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала береді.

Біз биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл – барлық этнос өкілдерін мемлекет құрушы ұлттың төңірегіне топтастыратын және тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал ететін бірегей институт.

Халқымыздың ырыс-ынтымағы тарих пен тағдыр сыйы ғана емес, әрқайсымыздың ерен еңбегіміз бен зор жауапкершілігіміздің нәтижесі.

Бірлік күні биыл әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елімізді де әбігерге салды.

Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, күш-қуатымызды одан әрі арттыра түсеміз деп сенемін. Осы жолда достық, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарын берік ұстанғанымыз абзал.

Баршаңызға мықты денсаулық пен бақ-береке, елімізге татулық пен толағай табыс тілеймін!