12 мам, 2020 сағат 13:28

Елімізде екі ғылыми институт коронавирусқа қарсы вакцина жасаумен айналысып жатыр

Бүгінде әлем бойынша жеті ғылыми ұжым коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табу үшін клиникалық сынақ өткізіп жатыр. Бұл туралы ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирусқа қарсы вакцина еліміздегі Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтында және Биотехнология ұлттық ғылыми орталығында жасалуда. Жалпы алғанда, әлем бойынша коронавирусқа қарсы вакцина жасаумен айналысып жатқандар көп. Бүгінде жеті ғылыми ұжым клиникалық сынақ өткізіп жатыр», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова. 

Оның айтуынша, клиникалық сынақ коронавирусқа қарсы вакцинаның нәтижелігін көрсетеді. 

«Бүгінгі күнгі біздің міндет - коронавируспен ауырғандар санын азайту. Тестіден өткізуді көбейте беруіміз керек. Мысалы, наурыз айында 34 мың ғана тест болды және ауырғандар мен олармен байланыста болғандарды тестілеуден өткіздік. Ал сәуір айында профилактикалық тестке көштік. Наурыздан осы уақытқа дейін 320 мың адам тестіден өтті. Сәуір айында төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген адамдарды, дәрігерлерді, аяғы ауыр әйелдерді, емханада тіркеуде тұрғандарды қостық», - дейді ол.