23 сәу, 2020 сағат 17:23

Елордада алаяқ 21 жастағы бойжеткеннің 42 500 теңге жәрдемақысын ұрлаған

Елордалық полицейлер банк картасынан 42500 теңге ұрлаған алаяқты ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖ кезінде полицияға 21 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны белгісіз біреудің әлеуметтік төлем ретінде берілген 42500 теңгесін банк картасынан ұрлағанын айтып, шағым түсірген. 

Криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар «Т.» есімді 23 жастағы тұрғынды ұстады. Ұсталушы еш жерде жұмыс істемейді, бұдан бұрын осындай қылмыстар үшін жазаға тартылған. 

«Ер адам әлеуметтік төлемге өтініш беру жүріп жатқан кезде қылмыстық жолмен зардап шегушінің банк картасының реквизиттерін алған. Банк картасының деректерін пайдалана отырып, әлеуметтік төлем ретінде түскен ақшаларды ұрлаған. Ол қылмыстық жолмен иемденген ақшаларды онлайн сатып алуға жұмсап, спорттық ойындарға бәс тіккен», - деді елордалық ПД баспасөз қызметінен. 

Оған қатысты ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Полиция әлеуметтік төлем ретінде түскен 42500 теңгесін ұрлатып алғандардың мына телефондарға хабарласуын сұрайды: 8(7172)716335, 8(7172)716291, 8-778-601-04-07.