12 ақп, 2020 сағат 13:50

Елордада «Сан қырлы символизм» көрмесі ашылды

Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде «Сан қырлы символизм» атты топтық көрме ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Туындылардың авторлары: Қазақстанның танымал суретшілері, ҚР Суретшілер одағының мүшелері — Сембіғали Смағұлов, Сержан Баширов, Зейналхан Мұхамеджан, Ералы Оспанов, Садыр Кәрібай және Оразбек Есенбаевтар.

«Бүгінгі өтіп жатқан шараның маңыздылығын өздеріңіз білесіздер. Еліміздегі алдыңғы қатарлы өнер шеберлері өз туындыларын сіздерге паш еткелі отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан өнері дүние жүзіне кеңінен танымал екенін мақтанышпен айтамыз. Әр ұлттың мақтанышы - өнердегі, спорттағы, қоғамдағы жетістігі. Ұлттық музей қазіргі уақыттағы сурет, қолөнер саласындағы көрмені шетелде ұйымдастыруға атсалысып жүр», - дейді ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Зейнелхан Мұхамеджан аталған көрмені ұйымдастыру 4-5 жыл бұрын жоспарланған жоба болғанын айтты.

«Көрменің осы Ұлттық музейде өтіп жатуы біз үшін үлкен мәртебе. Осындай мүмкіндік берген Арыстан Мұхамедиұлына рахмет. Сіздерге кішкентай болсын рухани азық сыйласақ, қуанамыз», - дейді ол.

Аталған көрме 28 ақпанға дейін жалғасады.