22 мам, 2020 сағат 08:38

Елордалық оқушылардың биылғы мектеп бітіру бағдарламасы жарияланды

Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова астанада биыл оқушылардың мектеп бітіру тәртібі қалай болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«25 мамырда барлық мектепте оқу жылының аяқталатыны белгілі. Пандемия кезінде қашықтан оқыту форматына байланысты мемлекеттік қорытынды емтихандар өткізілмейді. Жылдық бағалауды өткізу үшін ұсынылған әдістемелік ұсынымдарды ескере отырып, мектептерде бөлім бойынша жиынтық жұмыстары және тоқсан бойынша жиынтық жұмыстары жүргізілді. Бүгін 22 мамырда Balapan, Elarna телеарналарында 11 сынып бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру бойынша бірыңғай телесабақ көрсетілуде. Биыл мектеп бітіру іс-шарасы «Birgemiz: Түлек-2020» ұранымен өтеді», - деп хабарлады Шолпан Қадырова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша 25 мамыр күні сағат 11.00-де барлық мектепте мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі. Телеарналар арқылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды. Сол күні аталмыш шара оңтайлы кесте бойынша өтеді. 

«Ал 3 маусым күні барлық мектептерде 11 сынып түлектері үшін аттестаттар мен «Алтын белгіні» тапсыру рәсімі өтеді. Іс-шара мектеп аумағында, ашық аспан астында ұйымдастырылады. Мектеп бітірушілердің мектеп формасымен қатысуы қатаң түрде ескертіледі. Салтанатты рәсімнен кейін «Түлектер аллеясында» тал егу жоспарланып отыр. Мектеп бітіру іс-шараларын өткізу күндері мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылыққа жол бермеу, санитарлық және эпидемияға қарсы режимді қатаң сақтау шаралары жүктелді», - деді басқарма басшысы.