11 мам, 2020 сағат 06:40

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар аталды

Электрондық еңбек биржасында 125 мыңнан астам бос жұмыс орны және 75 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) enbek.kz сайтына мамыр айының басында Қазақстан бойынша жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Ал, жұмыс іздеушілердің түйіндемесі екі есе аз, яғни 75,7 мыңды құрайды.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының айтуынша, бос жұмыс орындары мен түйіндемелер санының күрт төмендеуі наурыз айында тіркелген. Мәселен, бос орындар саны 2019 жылдың соңында 68,9 мыңнан 2020 жылдың наурыз айында 34,2 мыңға дейін азайды. Түйіндеме саны ағымдағы жылдың ақпан айында 29 мың болса, наурыз айында 20,1 мыңға дейін төмендеген. 

«Бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің күрт төмендеуі елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты. Алайда, карантиндік шектеулер алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіпорындар жұмысын қайта бастады және олар кадрларға мұқтаж», - деп түсіндірді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Балжан Шаменова.

Түйіндемелер саны бойынша сұранысқа ие кәсіптің бірінші үштігіне 2,6 мың - автокөлік жүргізушісі, 2,3 мың – медицина (медбике) қызметкерлері және 2,2 мың – заңгер кірді. Алайда, жұмыс берушілер үшін қажет мамандардың үштігіне - патрульдеу инспекторы, күзетші және медициналық қызметкерлер енді. Ең аз сұранысқа ие мамандықтар (түйіндемелер мен бос орындар арақатынасы бойынша) - заңгер, іс жүргізуші және дене шынықтыру мұғалімі.

Жалпы, жұмыс берушілер тарапына ең үлкен сұранысқа ие мамандар: кәсіби мамандар - 36,6 мың, қызмет көрсету және сату саласының қызметкері – 21,2 мың, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшылары – 19,5 мың бос жұмыс орны бар.