25 жел, 2019 сағат 21:25

Есте қалар ерекше конференция

Павлодардағы  №3 мектеп-интернаттың және Ақсу (бұрынғы Ермак) қаласындағы №1 орта мектептің ұлтшыл оқушылары 1969 жылы негізін құрған «Жас ұлан» ұйымы жөнінде Кеңес үкіметі кезеңінде сөз қозғауға тыйым салынды. Тек егемендік жылдарында ұйым тарихын зерттеу ісі қолға алынып, жас ұландарға түрлі жазалау шаралары қолданылғанын, тіпті олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айғақтайтын мұрағат материалдары табылды. Соның нәтижесінде ғылыми зерттеулер жазылып, біршама басылымдарда жарияланымдар жарық көрді, телерадиохабарлар шықты, деректі фильмдер түсірілді. «Жас ұлан» атауы «Жас тұлпар» ұйымының ізбасары ретінде мектеп оқулығына да енді.

Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметі кезеңінде ұлттық мұрат-мүдденің жоқтаушысы болып, жұртшылықты егемендікке үндеген он бес жасар жасөспірімдер бұл күндері алпыстың бел ортасына жетіп аға буынның қатарына қосылды.

Жуырда С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында «Жас ұлан» ұйымы: Тәуелсіздік жолында» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Шараға жас ұландардың көзі тірілері және дүниеден өткендерінің балалары мен туыстары, желтоқсаншылар, қоғам белсенділері, тіл жанашырлары, ғалымдар, шығармашыл жастар қатысты.

Конференция қайтыс болған  жас ұландарды бір минуттық үнсіздікпен еске түсіру рәсімінен басталды. Жиынды облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дәуенов Ернұр Нұрланұлы жүргізіп отырды.

Алдымен, жиналғандардың назарына халықаралық тележурналист Жарқынова Саида Жұмағазықызының «Дорога людей: Жажда свободы» деректі фильмінен үзінді ұсынылды.

Бұдан соң сөз кезегі өзге облыстардан арнайы шақырылған қонақтарға берілді.

Алматы қаласынан келген мәртебелі мейман, қоғам қайраткері, тарихшы, жас ұландар үлгі тұтқан «Жас тұлпар» ұйымының ардагері Сембі Марат Қатайұлы «Жасұлан» – «Жас тұлпардың ізбасары» деген тақырыпта баяндама жасады.

– Кезінде жас ұландар үлгі тұтқан «Жас тұлпар» ұйымының жетекшісі болған Әуезов Мұрат Мұхтарұлы Швецарияға іс-сапарға шығуына байланысты конференцияға қатыса алмады. Бірақ жас тұлпарлықтардың құттықтау хаты мен өзінің кітаптарын менен беріп жіберді» – деп сөзін бастады ол.

Қарағанды облысынан келген мәртебелі мейман, қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, 1960 жылдардың басында Қарағанды облысында құрылған «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы») ұйымының ардагері, кеңестік диссидент Жүністегі Кәмел Ыбышұлы өз баяндамасында кеңестік кезеңде бас бостандығынан айрылған ұлтшыл патриоттардың қилы тағдыры жөнінде де айтып өтті.

Қарағанды қаласынан келген қоғам қайраткері, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, 1974 жылы Қарағанды қаласында құрылған «Жас қазақ» ұйымының ардагері Майбас Төрехан Әкімжанұлы Кереку өңіріндегі ұлттық мұрат-мүдде жолындағы іс-шараларға көңілі толатынын атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген мәртебелі мейман, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Кеңес одағы кезеңінде компартияның отаршылдық саясатына қарсы шыққан қоғамдық ұйымдар мен қазақ диссиденттерінің тағдыр-талайы жөніндегі көптеген жарияланымдардың авторы, «Жас ұлан» ұйымы жөнінде «SOS» белгісі» атты зерттеу мақала жазған Аупбаев Жанболат Әлиханұлы тәуелсіздік жолындағы күрестердің сабақтастығы жөнінде ой толғады.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес одағы кезеңінде компартияның отаршылдық саясатына қарсы шыққан қоғамдық ұйымдар жөніндегі көптеген ғылыми еңбектердің авторы, «Жас ұлан» ұйымы жөнінде де зерттеу еңбек жазған Қыдыралина Жанна Үркімбайқызы ұлттық қозғалыстар мен жекелеген диссиденттер жайында Қазақстан мен Ресей мұрағаттарында сақталған деректер жөнінде сөз қозғады.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген Халықаралық тележурналист, Кеңес одағы кезеңінде компартияның отаршылдық саясатына қарсы шыққан қоғамдық ұйымдар жөніндегі бірнеше деректі фильмнің авторы Жарқынова Саида Жұмағазықызы жас ұландардың да саяси іс-әрекеттері мен тағдыр-талайы көрініс тапқан «Дорога людей: Жажда свободы» фильмінің түсіру барысы жайында әңгімеледі.

Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатта ондаған жылдар бойы білім берген ардагер ұстаз, 1969-70 жылдардардағы жас ұландардың сынып жетекшісі болған Әбжанова Ғазиза Рамазанқызы «Жас ұлан» ұйымына топтасқан оқушыларының КГБ басқармасының тергеуінде жүрген кездерінде де өздерінің ұстанымынан қайтпағанын еске алып, шәкірті Арман Қаниға тақия сыйлады.

Бұдан соң «Тәуелсіздікке ұмтылған жас ұландар» жинағының редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, желтоқсаншы Зейнуллина Айман Файзоллақызы Торайғыров университеті баспасынан жарық көрген сол кітаптың мән-мазмұнымен жұртшылықты таныстырды.

Кітаптың тұсауын кесер рәсімін Марат Сембі, Кәмел Жүністегі, Жанболат Аупбаев өткізді.

Бұдан соң облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов «Жас ұлан» ұйымының белсенділеріне «Тәуелсіздікке ұмтылған жас ұландар» кітабы мен ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Бұл тарту дүниеден өткен жас ұландардың балаларына, туыстарына берілді. Сонымен қатар, мәртебелі қонақтар және жас ұландармен тілектес, мүдделес қоғам белсенділері де осындай сыйлыққа ие болды.

«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы басқармасының төрағасы Социал Әйтенұлы Ертіс-Баянауыл өңірінде қазақ тілінің өрісін кеңейту және қазақстандық патриотизм идеясын насихаттап тарату іс-шараларында белсенділік көрсеткені үшін «Жас ұлан» ұйымы: Тәуелсіздік жолында» облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында бір топ азаматты қоғамның Алғыс хатымен марапаттады.

«Жас ұлан» ұйымының 50 жылдығына арналған ғылыми, мәдени шаралардың жалғасы 1969-70  жылдары жас ұландардың негізгі бөлігі оқыған  Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатта жалғасты. Әнші оқушылардың «Менің Қазақстаным» патриоттық әндер концерттік бағдарламасын мәртебелі қонақтар, жас ұландар және сол білім шаңырағының өзге де түлектері тамашалады. Мәдени шара алдында бір кездегі «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі болған, қазіргі кезде күрескер ақын ретінде жұртшылыққа танылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Арман Қани өнерпаз оқушыларға игі тілегін білдірді. Облыс білім басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев шарада өнер көрсеткен оқушыларға басқарманың Алғыс хаттарын табыс етті.
Концерттік бағдармадан кейін гиназия-интернаттың директоры Шоқан Қалдыбаев қонақтарды жаңадан жабдықталған кітапханамен, Рухани жаңғыру, Қазақ тілі кабинеттерімен таныстырды.

«Жас ұлан» ұйымының құрылғанына 50 жыл толуына орай кейінгі буынға егемен елдіктің қадыр-қасиетін ұғындырып, оларды отаншылдық, мемлекетшілдік сезімдеріне тәрбиелеу мақсатында өткізілген ғылыми, мәдени шаралар мән-мағынасы жағынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен толық үйлеседі. Қоғамдық өміріміздегі ерекше бұл күн ұзақ жылдар бойы жұртшылықтың жадында сақталатыны анық.

А.Бақтанұлы