24 сәу, 2020 сағат 13:53

Еуразиялық интеграция барысында білім мен ғылым саласындағы байланыстар нығайды

Еуразиялық интеграция білім мен ғылым саласындағы байланыстардың нығаюына сеп болды. Мұндай пікірді «Еуразиялық интеграция - Н.Назарбаевтың тарихи бастамасы» тақырыбындағы онлайн режимде өткен телекөпір барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл идея бастапқы кезінен-ақ мемлекеттердің ықпалдасуы, қандай да бір жобаны бірлесіп жүзеге асыру үшін қажетті бастама болған еді. Оның тарихи, жалпы жаһандану кезеңіндегі маңызы өте жоғары. Мемлекеттер өзара ынтымақтасып, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуда ерекше шарттарға басымдық беретіндігі сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда тек экономикадағы ғана емес сонымен бірге қазіргі білім мен ғылым саласындағы байланыстардың нығаюы интеграция жемісі деп айтуға болады», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, бүгінде Қазақстанның көптеген студенттері еуразиялық интеграция жемісін көріп отыр. Олар академиялық ұтқырлық аясында, өзара жасалған келісімшарттардың арқасында еуразиялық интеграцияға кіретін мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. 

«Бүгінгі шараны ұйымдастыру жайына келер болсақ, басты мақсат еуразиялық интеграцияны өмірге әкелудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше бастамаларына, көреген саясатына баса мән беру екендігі сөзсіз. Бүгінде осы интеграцияның арқасында көптеген мемлекетаралық келісім шарттар жасалып, өз тиімділігін көрсетіп отыр», - деді Индира Рыстина.

Еуразия ұлттық университеті мен М.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы филиалы бірлесіп ұйымдастырған телекөпір барысында еуразиялық интеграцияның тұжырымдамалық мәселелері, одақ мемлекеттерінің білімі мен экономикалық өсімі арасындағы өзара байланыс, ғылым мен заманауи инновациялық технологияларды дамыту, еуразиялық экономика және мәдени ынтымақтастық векторлары талқыланды.