20 мам, 2020 сағат 11:41

ЕҰУ ректоры жемқорлықпен күрес шаралары туралы айтып берді

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес агенттігі «Адалдық алаңдарын» ашу туралы бастама көтерген еді. Оны Білім және ғылым министрлігі алғашқылардың бірі болып қабылдап, «Адал білім» жобасын бастады. «Адал білім» кеңселері барлық оқу орындарында ашыла бастады. Біз өз орталығымызды «Әдеп» деп атадық, оны Заң ғылымдарының кандидаты, оқытушы Еркебұлан Нұғыманов басқарады», - деді ректор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ANTIKOR орталығында өткен сұхбатта. 

Орталық студенттері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Олар студенттер арасында анкета, әлеуметтік сауалнама жүргізіп, талдау жасайды. Студенттер шағымын анонимді түрде қабылдайды. 

«Егер бір оқытушының аты-жөні бірнеше рет қайталанса, сол оқытушымен жұмыс істейміз. Кейбірі мойындайды, кейбірі студенттердің сынын қабылдап, жұмыстан шығып кетеді. Мен 10 жылға жуық осы университеттің жетекшісі болып отырмын және бұл жылдары бізде жемқорлықпен сотталу оқиғасы болған жоқ. Әрине, жемқорлықты түбірімен жеңдік деп айта алмаймыз, дегенмен күдік туындаған бастапқы кезде-ақ мамандармен сөйлесеміз, сөйлесу мүмкін болмаса, ондай қызметкерді жұмыстан шығарамыз», - деді Е. Сыдықов. 

Айта кетейік, бұған дейін ЕҰУ ректоры 2,5-3 мың орындық жаңа жатақхана құрылысы басталғанын хабарлаған еді.