15 мам, 2020 сағат 12:44

Филиппинде Вонгфонг тайфунына байланысты ондаған мың адам эвакуацияланды

Филиппин билігі сағатына 115 миль жылдамдықпен келген Вонгфонг (Vongfong) тайфунына байланысты ондаған мың адамды эвакуациялауға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта елде коронавирустың таралу қаупі салдарынан қатаң оқшаулану режимі енгізілгені аталып өтілді, деп хабарлайды CNN.

Тайфун жергілікті уақыт бойынша бейсенбі күні түсте Самар аралының шығыс бөлігінде болды. Бұл - Тынық мұхитының батыс бөлігінде биыл болған бірінші тайфун. 

Филиппин уақыты бойынша жұма таңғы сағат 8-дегі жағдай бойынша Филиппин атмосфералық, геофизикалық және астрономиялық қызметтер басқармасы соңғы рет тайфунның Сан-Андрес қаласының жағалауында сағатына 9 миль жылдамдықпен солтүстік-батысқа қарай бара жатқанын мәлім етті.

Сан-Андрес Лусон аралында орналасқан. Ол ел астанасынан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 140 миль (225 километр) қашықтықта орналасқан.

Зардап шеккен Самар ауданына жақын маңда 200 мың адам тұратыны хабарланды. 

Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шаралары жаппай эвакуациялау процесін қиындатып жатыр. 

Филиппинде қазіргі уақытта 50 миллионнан астам адам қатаң оқшаулану режимінде өмір сүріп жатыр, Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, елде 11 876 адам ауру жұқтырған.