23 қаң, 2020 сағат 08:25

Футзал: Ұлттық құрамада ойнайтын спортшылар белгілі болды

Футзалдан Қазақстан құрамасының елордада өтетін оқу-жаттығу жиынына шақырту алған ойыншылар белгілі болды, - деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.

Оқу-жаттығу жиыны 23-31 қаңтар аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Дайындық аяқталғаннан кейін құрама 2020 жылғы әлем чемпионаты элиталық сатысындағы ойындарды өткізу мақсатында Чехияға аттанады. Онда Румыния, Словения және Чехиямен күш сынасады. Жарыстың элиталық сатысы 2-5 ақпан аралығында болады.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Кака оқу-жаттығу жиынына 16 ойыншыны шақырды. Олардың қатарында қақпашылар - Игита («Қайрат»), Александр Гуров («Аят»), Нұрәлем Байдулла («Жетісу»); ойыншылар - Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Нұрсұлтан Пиялы, Дуглас (барлығы - «Қайрат»), Азат Валиуллин («Аят»), Дінмұхамед Сүлейменов, Арнольд Кнауб (екеуі - «Жетісу»), Қайрат Иманалин («Ақтөбе»), Тайнан, Лео (екеуі - «Спортинг», Португалия) сынды ойыншылар бар.

Әрбір топта жеңімпаз атанған төрт құрама турнирдің финалдық сатысына тікелей жолдама алады. Ал өз тобында екінші орын алған төрт құрама қосымша екі жолдаманы сарапқа салады.