19 мам, 2020 сағат 09:38

Иран ғалымдары Каспий теңізінде су деңгейі төмендеп кеткенін мәлімдеді

Саридегі Каспий теңізін зерттеу ұлттық орталығының басшысы Бани Хашеми Каспий теңізінде су деңгейі өткен жылы 2018 жылмен салыстырғанда шамамен 13 см-ге төмендегенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ИРНА агенттігіне сілтеме жасап.

«2019 жылғы қыстың соңында Каспий теңізіндегі су деңгейін бағалау 1995 жылдан бастап төмендеу үрдістерін басшылыққа ала отырып, Каспий теңізіндегі су деңгейі 2019 жылы соңғы 30 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге түскенін көрсетіп берді», - деп атап өтті орталық басшысы. 

«Осы бағалау бойынша биыл судың орташа деңгейі 2018 жылмен салыстырғанда 13 см-ге төмендеп, 27,18 метрді құрады», - дейді ол. 

Каспий теңізін зерттеу ұлттық орталығының басшысы «су деңгейі төмендеуінің басты себебі - Каспий теңізіне енетін судың шамамен 80 пайызын қамтамасыз ететін Еділ өзенінен су ағынының азаюы» деп мәлімдеді. 

Бани Хашемидің айтуынша, Каспий теңізіндегі орташа температураның жоғарылауы - теңіздегі су деңгейінің төмендеуіне тағы бір себеп болып отыр.

Оның айтуынша, сараптамалық зерттеу ұзақмерзімді перспективада жыл сайынғы құбылыстарға қарамастан, климаттың өзгеруі мен судың булануына байланысты Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі жалғасатынын көрсетеді.