06 сәу, 2020 сағат 12:25

Қарағанды облысында 16 науқас коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған

Денсаулық сақтау министрлігі 6 сәуірде түстен кейін Қарағанды облысында 16 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Олардың барлығы вирустан көз жұмған ер адам және оның отбасы мүшелерімен байланыста болған.

Бұл туралы Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Науқастар палаталарда оқшау емделіп жатыр. 

Қарағанды облысында жалпы 48 адамнан коронавирус табылған. 

"Үш адам реанимацияда, жағдайы ауыр. Олардың бірі аппаратпен тыныс алып жатыр. Тағы үш науқастың жағдайы орташа ауыр" делінген Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында. 

Қазір вирус жұқтырғандарды анықтау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жалғасып жатыр. 

Облыста 1346 адам - үй карантинінде. 862 адам 24 сағат дәрігерлер бақылауында, 48-і инфекциялық стационарда жатыр.

1 наурызда Теміртау қаласында жұмыс істеген Қарағанды қаласында тұрған 62 жастағы ер адам қайтыс болған. Бұған дейін жергілікті дәрігерлер марқұмның кемінде бес туысынан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. 

Наурыз айының соңында Қарағанды облысында Қарағанды қаласы, Абай, Саран, Шахтинск, Теміртау қалалары карантинге жабылды. Блокбекеттерде арнайы жасақ, санитарлық қызмет өкілдері, әскерилер жүр. 

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 604 адамға жетті. Вирустан 6 адам қайтыс болған. 45 адам айыққан.