18 мам, 2020 сағат 16:53

Карантин: 25 мамырдан бастап банктердің жұмыс уақыты өзгереді

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында банктер, ақша айырбастау пункттері, ломбардтардың жұмыс уақыты өзгерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Республикалық маңызы бар екі қалада 18-24 мамыр аралығында бірқатар қаржы субъектілері таңғы 09:00-дан кешкі 18:00 дейін жұмыс істейтін болады. 

ҚР Ұлттық банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің біріккен бұйрығында субъектілер тізімі бекітілген:

- екінші деңгейлі банктер

- жеке банк операцияларын жүргізетін ұйымдар 

- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары

- сақтандыру брокерлері

- құнды қағаздар нарығында брокерлікпен айналысатын ұйымдар 

- микроқаржылық ұйымдар, несие серіктестіктері, 

- төлем ұйымдары. 

Бұйрыққа сәйкес аталған ұйымдар мен филиалдарында қызметкерлер саны 50 пайыздан аспауы керек. 

KASE, Құнды қағаздар орталық депозитарий, ақша айырбастау ұйымдары таңғы 09:00 бен 17:00 аралығында жұмыс істейді. 

Бұл шектеу шаралары 18-24 мамыр аралығында болады. 

25 мамырдан бастап жұмыс уақыты, адам саны ұйым басшыларының шешімдеріне қарай ұйымдастырылатын болады. 

Одан бөлек субъектілердің басшылары санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.