04 сәу, 2020 сағат 11:58

Қашықтан оқыту тұрғысында Күнделік жүйесін нығайту керек

ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанда мектеп оқушыларына онлайн түрде сабақ беру неліктен мүмкін болмағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде стримингтік жүйелерді пайдалану арқылы оқытуды ұйымдастыру мүмкін болмай тұр. Себебі аталған жүйелер осыншама ауқымды пайдаланушыға қызмет көрсетуге дайын емес және елеулі жүктемені сезініп отыр», - деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен.

Оның сөзіне қарағанда, 1 сәуірде тиісті тестілеу жүргізілген, алайда шетелдік Zoom сервисі мектеп оқушыларына қызмет көрсету бойынша жүктемені көтере алмады. 

Сонымен қатар ол бүгінде барша әлемде интернетпен әрі түрлі сервистердің жұмысында проблемалар бар екенін жеткізді. Барлық әлем елдерінде техникалық қуатты екі есеге арттыру қажеттігі туындады. 

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінде тиісті Kundelik жүйесі бар. 

«Күнделік жүйесін біршама нығайту керектігі түсінікті болып тұр, яғни қашықтан кеңейтілген түрде оқытуды ұсыну үшін опциялар тұрғысында жетілдіру қажет», - деді А. Жұмағалиев.