11 жел, 2019 сағат 13:14

Кәсіби білікті тренер тұлғасы

Ғылымдағы «тұлға» терминінің қолданылу аясы сан алуан. Психология, педагогика, социалогия, философияда кеңінен қолданылып, қолданылуының көпжақтылығына байланысты терминге түрлі анықтамалар берілген. Жалпы,  терминнің беретін мағынасына назар аударып көрелік. Тұлға – жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.

Психологтар тұлғаны қоғаммен тығыз байланыста қарастырады. Мәселен, К.Платонов тұлғаның құрылымы жөнінде мынандай қорытындыға келеді: «Тұлға қасиеттерінде әлеуметтік және биологиялық қатынастар өлшемінің негізінде, оның құрылымында төрт иерархиялық қатынасатын ішкі құрылымдар бар: бағытталу, тәжірибе, психикалық процестердің даралық ерекшеліктері, биопсихикалық ерекшеліктер» [1; 7].

Тұлға ұғымы термин ретінде өзге ғылым салаларымен қоса тіл білімінде, тілді оқытудың әдістемесінде ғылыми айналымға енген. Тілдік тұлға деп тіл білімінде «адамның сөйлесім туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін қабілеттері мен сипаттамаларының жиынтығын, шындықты бейнелеудегі тереңдігімен, дәлдігімен және құрылымдық-тілдік күрделілік дәрежесімен сипатталатын тілдік құзыреттілікті айтады, сондай-ақ, тілдік тұлғаның зияткерлік сапасы ерекше ескеріледі» [2; 140]. Ал тілді оқытудың әдістемесінде бұл терминнің тілдік кеңістікте кеңінен қолданылуының негізгі себебі Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасына байланысты. Аталмыш бағдарламадағы мемлекеттік тілді оқыту талаптарына сәйкес ересектерді мемлекеттік тілге оқытудың әдістемесі тілдік тұлға модулін қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда ғалымдар «тілдік тұлға» ұғымын түрлі аспектіде зерттейді:

-         лингводидактикалық;

-         психолингвистикалық;

-         стилистикалық;

-         лингвистикалық.

Жоғарыда аталған бағдарлама негізінде әзірленген «Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге (ересектерге, тіл үйренуші жеке тұлаларға) жеделдете деңгейлік оқыту тұжырымдамасында» қазақ тілі мен сөйлеу заңдылықтары туралы белгілі бір аядағы білімі бар, сөйлеу қызметін қазақша құра, жүргізе, ұйымдастыра алатын тілдік тұлғаны қалыптастыруды негізгі нысан ете отырып, «мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы» тұжырымы анықталады. Жалпы, «мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы» мәселесі әдіскер-ғалымдар Ш.Құрманбаева, К.Көпештердің ғылыми еңбектерінде жете қарастырылғанын атап кеткен жөн.

Қазіргі уақытта қазақ жазуын латын графикасына көшіру үдерісінде тренер термині алдымыздан шығады. Тақырып аясында қарастырсақ, тренер тұлғасын қалай қабылдаймыз? Республика бойынша Ш.Шаяхмтеов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қолға алуымен жаңа латын графикасымен жазылған жазба тіліміздің жүйесін, емле ережелерін, ғылыми негізін түсіндіре алатын білікті мамандар дайындау курстары бірнеше мәрте ұйымдастырылып, сандаған мамандар тренерлік сертификатқа ие болды. Бұл үдеріс әлі де жалғасып жатыр. Курстың мақсатына сәйкес тренерлерге үлкен талап қойылады. Ұйымдастырушылар тарапынан «Сертификатты тренер» атауының салмағы ауыр екені, оған үлкен жауапкершілік жүктелетіні ескертіледі.

Иә, талапқа сәйкес, сертификатты тренерден жоғары біліктілік талап етіледі. Неге десеңіз, тренер қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты атқарылатын шаралардың басы-қасында болу керек. Атап айтқанда, тренердің тәжірибе алаңы төмендегідей:

 

Жұмыс түрлері

Жүзеге асыру формалары

11

 

Жалпы үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары

Дөңгелек үстел, семинар, брифинг, конференция, БАҚ жарияланымы, роликтер, көрнекі өнімдер (билбордтар, лайтбокстар, көрмелер, баннерлер, және т.б.)

22

2

Емле ержесі жобасымен таныстыру жұмыстары

Сынама-сауалнама, сауалнама, ақпараттық сағат, семинар-кеңес

33

3

Дағды қалыптастыру жұмыстары

Тренинг, семинар-тренинг

4

Оқыту жұмыстары

Біліктілікті арттыру курстары

Сонымен, сан алуан жұмыс түрлерін жүзеге асыратын тренердің деңгейі қандай болу керек?

Педагогикалық шеберлік мәселесін жан-жақты қарастырған ғалым Н.А.Мореваның  білікті қарым-қатынасқа түсуші тұлғаның негізгі белгісі ретінде көрсететіні:

- Жылдам, әрі  әрекеттестіктің жағдайын   уақтылы және тиянақты бағдарлай алу;

- Серіктесін белгілі бір ситуацияға түсуіне сәйкес түсіну;

- Қарым-қатынас барысында жағымды, жылы қабақ таныту және де серіктестің жағдайын түсінуы;

- Өзіне-өзі сенімділік;

- Қарым-қатынасты жалғастыруға және сөзді әріптесіне беруге, белгілі бір жағдайдан шыға алуы;

- Қарым-қатынас барысында көңіл толушылық;

- Кез келген статустағы тұлғалармен кез келген жағдайда  қарым-қатынас жасай алуы;

-Түскен ортасында беделді әрі танымалдық;

- Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, белгілі мақсаттарға қол жеткізе алу;

- Ұжымда қолайлы жағдай орната алуы» [3].

Тренер деген кім? Ғылыми әдебиеттерді аударыстырып қарағанда, тренердің жеке басына қойылатын талаптарды жинақтай келе, тапқан жауабымыз мынау болды. Ол:

 

 

Тренер тұлғасы, ең алдымен, ана тілінің жанашыры ретінде қалыптасуы керек. Ол үшін өзінің сөйлеу мәдениетіне назар аударғаны абзал. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов: «Адам мәдениетінің алғышарты – дұрыс сөйлей білу. Дұрыс сөйлей білмеген адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, емірентемін деп езілтеді, жұбатам деп жылатады. Сөйтіп, тілін білмеген түбін білмейді», - деген болатын. Сондықтан да өзінің сөйлеу мәдениетін ұштау – тренерге ең қажетті қасиеттің бірі.

Қазіргі кезде сөйлеушінің жүгін жеңілдететін құралдар жеткілікті. Ол – слайдтар, тұсаукесерлер. Қажеттілік екенін мойындаймыз. Алайда мынаны ұмытпаған жөн: техникалық ақауларға байланысты слайдты қолдануға мүмкіндік болмайтын кез болады. Болған күнде де, мәселені түсінікті тілмен ауызша түсіндіріп бергенге ештеңе жетпейді. Ол үшін тренерге лекторлық қасиетін ұштағаны жөн. Мысал келтірейікші, елге белгілі психологтар, мотиваторлар тренинг өткізгенде алдындағы аудиторияны тартып алатын күшті қайдан алады? Әлбетте, сөзден.

Сонымен, сөйлеу мәдениеті жеке адамға міндетті нормалар, әдістер мен ережелерді сақтауға міндеттейді, олардың арасында негізгі: мазмұн (мән), логика, дәлел (дәлел), сенімділік, айқындық, анықтық екені белгілі.

 Тіл тек қана қарым-қаты­нас құралы ғана емес, атқаратын қызметі одан да терең. Себебі тіл – ұлт­ты сақ­таудың тікелей кепілі. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген болатын. Ендеше, әліпбиді ауыстырудың басты себебі тіл тазалығын сақтау болғандықтан да, жеке басының сөйлеу мәдениетін дұрыс қалыптастыруға күш салу тренердің міндеті болмақ.

Тренердің кәсіби біліктілігінің ең негізгі көрсеткіші – оның білімі. Латыннегізді қазақ әліпбиінің жаңа емле ережесінің мазмұнын ғана түсіндірумен шектелу жеткіліксіз, ережедегі өзгерістің себебі мен салдарын дұрыс аңғарып, ғылыми тұрғыдан түсіндіріп бере алуы керек. Емле ережесін бастамас бұрын жазу тарихы, латын графикасының тарихы, қазақ тілінің грамматикалық-фонетикалық ерекшелігі, ауызша тіл мен жазбаша тіл, айтылым нормасы, жалпы тілдік норма, әдеби тіл ұғымдары туралы түсінік беріледі. Бұл ретте кәсіби тренерден толыққанды филологиялық білім талап етіледі.

Латыннегізді әліпби негізінде әзірленген емле ережесінің бұрынғы ережелерге қарағанды өзгешелігі бар. Әсіресе, біріккен сөздерге, дефиспен жазылатын сөздерге, күрделі атауларға және шеттілдік сөздердің жазылуына  байланысты назар аударатын мәселе аз емес. Тренерге мақсатты аудиторияға емле ережесін дайын күйінде жеткізу аздық етеді. Алдымен, ережедегі өзгерістер егжей-тегжейлі қарастырылып, түсіндіру барысында бұлтартпас дәлел іздеу керек.  Я.А.Коменскийдің «Әрбір ереже қысқа, бірақ өте айқын сөздермен баяндалуы тиіс» деген пікірі негізгі ұстанымға айналғаны дұрыс. Ереже аз ғана мысалмен шектелетіндіктен, курс барысында тыңдаушылар тарапынан қойылуға тиісті сұрақтар мен жекелеген сөздердің жазылуына байланысты сауалдарға болжам жасалып, жауап үлгілері ескерілуі керек.

Тренерге қажетті келесі бір біліктілік үйретудің әдістемесіне келіп тіреледі. Жаңа әліпби бойынша оқылым және жазылым дағдысын қалай қалыптастыру керектігі тренердің назарында болу керек. «Кімді қалай, не үшін оқытамыз?» сауалына нақты жаубы болған тренердің кәсіби біліктілігі мен әдістемелік дайындығы дау туғызбайды. Осы орайда тыңдаушының жазылым дағдысын қалыптастыру барысында Ахмет Байтұрсынұлына жүгінсек, орфографияның төмендегі мәселелері назардан тыс қалмауы керек: «Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек». Ғалымның пікірінен қорытынды шығарар болсақ, жaзyды үйрeнy төмендегі дaғдылaрды білуден тұрaды:

 1) Әліпбидегі әріптерді жaзa білу дағдысы;

 2) Дыбыстардың жазылу дағдысын білу;

 3) Сөздер мен сөйлемдердің oрфoгaфиялық қателіктерін түзету дaғдыcы;

 4) Түрлі жaттығyды орындау дaғдыcы.

Біліктілікті арттыру курстарының лекторы ретінде тренерден күтілетін әдістемелік дайындық: дәрістің мазмұнды тұсаукесері, бейне-аудиоматериалдар, ресурстар мен түрлі көрнекіліктер, курс барысында ойын элементтерін, жұптық және топтық жұмыс түрлерін қолдануға дайындық т.б.

Тағы бір ескерерлігі, тренер-әдіскер курс соңында аудиториямен кері байланыс орнатуға мән беруі керек. Кері байланыс қатысушының оқыту үдерісі қалай өткені және қандай нәтижелер бергендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланысты түрліше өткізуге болады: топтық рефлексия, пікір алмасу, әңгімелесу түрінде, т.б. Кері байланыстыңтыңдаушылар мен тренер үшін екіжақты пайдасы бар, себебі оның нәтижесінде тренер өз жұмысына талдау жасай алады. Жеткілікті деңгейде берілмеген ақпаратты, (біздің жағдайымызда емле ережесін) қайта қарап, келесі жолы соны дұрыс жеткізуге мән береді.

Мықты әдіскерлік шеберлігімен қоса тренер психолог ретінде де көріне білуі керек. Жалпы, жаңа әліпбиді насихаттау, емле ережесін түсіндіру барысында әр аудитория жаңалықты түрліше қабылдайды. Мәселен, бірыңғай педагог-мамандар үшін шынайы ғылыми тұрғыдан пайымдау маңызды болса, өзге мамандық иелері үшін ұқсастық тауып салыстырулар, нақты тәжірибе, көбірек мысал келтіру маңызды болмақ. Сондай-ақ кейбір күрделі мәселеге қатысты аудиторияның көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Осы жағдайды ескеріп келгенде, тренер тыңдаушылармен дұрыс қарым-қатынас қалыптастыруға тырысуы керек. Осы ретте психологтардың еңбектерінен хабардар болғанымыздай, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін тренердің міндеті: аудиторияны басты назарда ұстау, яғни, негізгі тізгінді қолға алу; айтылып жатқан ақпаратқа және оны қалай жеткізуге мән беру; екіжақтылық қарым қатынасты орнату; кері қарым-қатынас орнату.

Аудиторияны баурап алудың негізгі жолы – тренердің ақпаратты түсінікті, қысқа әрі нұсқа, қызықты, тартымды бере білуі. Тағы бір қосатынымыз кәсіби тренер заманауи креативті болу керек.

Сонымен, біз шағын мақаламызда кәсіби білікті тренердің тұлғалық ерекшелігіне тоқталдық. Төрт аспектіні, яғни, филологиялық білім, сөйлеу шеберлігі, психологиялық дайындық, әдіскерлік шеберлікті мәселені оңтайлы шешудің кілті ретінде бөліп алып қарадық. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру үдерісінде ересектерді сауаттылыққа үйрететін, сауатты қоғамды қалыптастыруға еңбек ететін тренерлердің кәсіби дайындығы мығым болғанда ғана, ісіміз нәтижелі болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Платонов К. Структура и развитие личности / Отв. ред. А.Д. Глоточкин –Москва, Изд. Наука,1986.

2. Московская Н. Формирование профессиональной компетенции лингвиста-преподавателя в интегрально-коммуникативном образовательном пространстве. – Ставрополь, Изд-во СГУ, 2003,-375 с.

3. Морева Н.Тренинг педагогического общения: Учеб. Пособие для вузов. –Москва, 2003, -304с.

Жұпар Рысқұлқызы Жақанова

Қарағанды облысының  тілдерді дамыту

басқармасы жанындағы Ресурстық

 тіл орталығының бөлім меңгерушісі