12 мау, 2019 сағат 10:27

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде Мемлекет басшысы лауазымына кірісті.

Ең алдымен, залға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Жиналған қонақтар Елбасыны ду қол шапалақпен қарсы алды. Осыдан кейін "Елім менің" әні шырқалып, залға жаңа сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев кірді.


Содан соң ұлықтау рәсімі өтетін салтанатты залға Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы әкелінді. 

Заңға сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға оң қолын қойып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант берді.


Содан кейін мемлекеттік туды сүйді. Ант берілген соң мемлекеттік әнұран орындалды. Әнұран орындалып жатқан уақытта сырттағы зеңбіректерден оқ атылды.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн тапсырды.


Еске сала кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысына сәйкес, 9 маусымдағы кезектен тыс президенттік сайлауда кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96 процент дауысын (сайлаушылардың 6 539 715 дауысы) алып, жеңіске жеткен болатын. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің ант беру күнін 12 маусымға белгілеу туралы арнайы қаулы қабылдаған еді.