18 шіл, 2017 сағат 08:03

Қазақ сарбазының бес қаруы

Қазақ этносының дәстүрлі мәдениетінің бір бөлігі болатын жауынгерлік қару-жарағының даму тарихы ежелгі Сақ дәуірінен бастау алып, бірнеше ғасырлардықамтиды.

Қару – атадан балаға мұра болып қалып отырған. Қазақ сарбазының соғыс қаруы негізінен бес түрге бөлінеді. Бұл олардың бірін-бірі ауыстыра алмайтын тек өзіндік жеке қызметіне байланысты. Ату үшін – садақ, түйреу үшін – найза, кесу үшін – қылыш, шабу үшін – айбалта және соққы қаруы – шоқпар. Қолбасшылар соғыс жүйесін ойластырғанда осы қару түрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ол қаруларды мейлінше ұтымды пайдалануға негіздеген. Сонымен қатар соғыс қарулары әскери лауазымдарды белгілеу, әртүрлі символдық мағынада да қолданылған. Мысалы, қазақ хандарын ақ киізге көтергенде олардың белдеріне қылыш байласа, Түрік қолбасылары дәреже ретінде шоқпар ұстаған. Ал байрақ тағылған найза көп халықтарда әскербасылық белгі.

Қару – атадан балаға мұра болып қалып отырған. Ер жетіп, алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің, не атасының қаруын сандықтан алып беліне тағынған. «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екенбіз? Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екенбіз?!» – деп жырлайды Ақ­тан­берді жырау. Осылайша отансүйгіштікке, ерлікке шақырады.

Батырлардың қарулануын білдіретін “бес қаруын асынды”, “бес қаруы бойында”, “бес қаруын сайланған” деген сөз тіркестері тілімізде, ауыз әдебиетінде жиі қолданылады. Қазақтарда “ер қаруы – бес қару” деген мақал да бар. Олай болса қазақ сарбазының бес қаруымен таныс болайық.

Қазақ садағы – көшпелілер садағының дамуы барысында қалыптасқан соңғы үлгісі. Күрделі-құрама садақтың бір нұсқасы. Серпінді етіп жасалған негізі – «адырна» - ағаштан жасалып, ұстайтын тұсы сүйекпен күшейтіліп, сыртынан тарамыспен оралады. Керілген жібі – «кірісі» - малдың шегінен немесе тарамыспен өріліп жасалады. Садақтың оғы ағаштан (қайың, тал, тобылғы) жонып жасалып, ұшына темірден, сүйектен жебе орнатылады. Төменгі жағына құстың қауырсыны бекітіледі. Жауынгерлер өз оқтарына меншік белгісі ретінде әртүрлі таңбалар салатын болған. Оқтардың арнайы қабы – «қорамсақ» - теріден жасалып, беті ою-өрнектермен бедерленеді. Бай-бақуат сарбаздар өз қорамсақтарын күміспен көмкеріп, асыл тастармен де безендірген.

Қазақ қылышы – басы бір жүзді, сыртына қарай қайқылау болып келетін кесу қаруы. Басының қайқылау болуы қылыштың кесу күшін күшейтеді. Ал өте қайқы қылыштарды қазақтар «Наркескен» деп атаған. Қылыштың басының ұзындығы әдетте 75-88 см, жүзінің ені 3-3,5 см болып келеді. Сабы 10-13 см болып, ағаштан, сүйектен немесе мүйізден жасалған. Сырты күміспен көмкеріліп, ұлттық нақыштармен өрнектелген. Қылышты «қынап» деп аталатын арнаулы қабына салып, қылышбау арқылы белге тағып жүреді.

Қазақ қылыштарының наркескеннен бөлек алдаспан, зұлпықар, жатаған қылыш, қайқықылыш, т.б. түрлері бар.

Айбалта – қазақтың дәстүрлі шабу қаруы. Сабы ағаштан жасалып, темірден жасалған басы қосымша екі темір бекітпелер арқылы ұстатылған. Артқы жағының бекітпесі оюмен өрнектелсе, алдыңғы жағына қарсыластың қаруын кесетін қылыш сияқты өткір жүз немесе араның жүзі сияқты ұсақ тіс салынады. Жүзі жарты ай тәрізді дөңгелене келген. Бұл ерекшелігі айбалтаға шабумен бірге кесу арқылы жарақат салуға мүмкіндік береді.

Айбалтаның басын ою-өрнекпен әшекейлеу көнеден келе жатқан дәстүр. Оның негізінде діни-ғұрыптық ырымдар жатыр. Балта басына қолданылатын өрнектің негізгі түрі «әлем ағашын» тұспалдайтын өсімдік өрнегінің түрлері болды. Басын әшекейлеп, күмістен өрнек салынған айбалталарды «ақ балта», «ала балта» деп атаған.

Шоқпар – қазақ жауынгерінің соғу қаруы. Басы мен сабын біртұтас қылып, түбірлі ағаштан жасалған қару «шоқпар» деп аталады. Қазақ халқы соғыс қаруын айрықша қастерлеген.

Жауынгер халқымыз "аттың жалында, түйенің қомында" жүріп, "ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен" Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даланы асқан ерлікпенқорғап қалды. Сондағы бір серігі - осы бес қаруы еді. "Ер қаруы - бес қару" демекші, бесқаруымызды біле жүрген артық болмас. 

Өмірбек Сансызбай