18 мам, 2020 сағат 10:30

Қазақстан-Ресей шекарасына жиналған мигранттар Өзбекстанға өтуге рұқсат алды

Қазақстан мен Ресей шекарасына шоғырланып қалған Өзбекстан азаматтарына шекарадан өтуге рұқсат берілді. Бұл жөнінде Өзбекстанның Татарстандағы бас консулы Фариддин Насриев Kun.uz интернет басылымына берген сұқбатында айтты, деп жазады Азаттық.

- Өз азаматтарымызды алып кетуге автобус әзірлеп жатырмыз. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі де Өзбекстанға жеткізетін көлік бөлетін болды, – деді Насриев.

Бас консулдың сөзінше, Өзбекстан үкіметі Қазақстан, Ресей үкіметтерімен келіссөз жасап, Өзбекстан азаматтарын шекарадан өткізіп алуға уағдаласқан.

"Келіссөз оңай болмады. Бірақ бұл - ертең өзгелер де осылай өте береді деген сөз емес. Өзбекстан азаматтары тұрақты тіркелген жерлерінен қозғалмай тұра тұрғаны дұрыс. Кезегі келгенде чартер рейстерге тіркеліп, Өзбекстанға келуге болады. Коронавирус індеті аяқталған соң бәрі де Отанымызға емін-еркін орала алады", – деді Өзбекстанның Татарстандағы бас консулы Фариддин Насриев.

Өткен аптада Өзбекстанның жүздеген еңбек мигранты Ресейдің Орынбор облысының Қазақстанмен шекарасындағы бақылау-өткізу пунктіне жиналып қалған. Олар Өзбекстанға өтіп кету үшін Қазақстаннан транзит дәліз ашуды сұраған еді. Кейбірінің Қазақстан - Ресей шекарасында жатқанына он күннен асқан.

Азаттық радиосының Өзбек редакциясы мигранттар Қазақстан - Ресей шекарасының өзге бақылау-өткізу пункттеріне де жинала бастағанын хабарлады. Ресейдің түрлі өңіріне жұмыс іздеп барған Өзбекстан азаматтары коронавируске байланысты карантин шараларынан кейін күнкөріссіз қалып, Өзбекстанға орала бастаған.