27 мам, 2020 сағат 07:51

Қазақстанда 70 пайыз науқас симптомсыз тіркелді - министр

Қазақстанда коронавируске шалдыққандардың 70 пайызында ауру симптомы байқалмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Науқастардың арасында ауырған, симптоммен келген адамдардың саны 15-16 пайыз көлемінде. Ал 70 пайыз науқас симптомсыз тіркелген. Себебі бұл науқастарды табу үшін Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті әкімшіліктер алдын алу скринингін өткізіп жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі күні скринингтің көлемін тәулігіне 25 мың тестке арттырдық. Бастапқы кезде күніне 3-4 мың ғана болған еді. Жалпы осы эпидемия басталғаннан бері елімізде 711 мың тест өткізілді. Олардың 260 мыңнан астамы, яғни 40 пайызын алдын алу скринингі деп айтуға болады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Министр үлкен ұжымдарда, медициналық мекемелерде, әлеуметтік ұйымдарда скрининг өткізіліп, біраз науқастың табылғанын және олар оқшауландырылғанын атап өтті. 

«Бұл - өте маңызды мәселе. Әрине, көп жағдайда азаматтар: «Мен ауырмаймын, ешқандай симптомы жоқ. Неге мені карантинге немесе ауруханаға жатқызады?» деп сұрап жатыр. Оның себебі - осындай симптомсыз аурулар басқа азаматтарға инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Ол белгілі жағдай. Дүниежүзінде денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, басқа да ғылыми зерттеу жұмыстарының негізінде симптомсыз азаматтарды оқшаулауға жіберуіміз қажет. Бұрын біз оларды ауруханаға жатқызғанбыз. Қазір мүмкіндік болса үйлерінде немесе арнайы карантиндік стационарларға жатқызып, басқа адамдардан бөлектеуіміз қажет», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, кейбір мемлекетте бұл симптомсыз науқастарды есепке алмайды. Жалпы статистикаға кіргізбейді. 

«Біз бұл дұрыс емес деп ойлаймыз. Қазақстанда барлық тіркелген науқастарды, жұқтырған науқастарды есепке кіргізіп, санаймыз. Қазір науқастардың өсімін көріп отырмыз. Оның себебі - алдын алу. Жұқтырған азаматтарды тауып, оқшаулауға жіберсек, бұл індетті тоқтатуға мүмкіндік бар», - деді Елжан Біртанов.