04 мам, 2020 сағат 09:52

Қазақстанда күнкөріс минимумы бір айда 2 пайызға өсті

Қазақстанда күнкөріс минимумы бір айда 2 пайызға өсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

«Күнкөріс минимумы бір айда 3 пайызға, ал бір жыл ішінде 14 пайызға дерлік өсті. Бұл ретте айлық инфляция деңгейі - 1, ал жылдық инфляция 6 пайыз болды. Ел бойынша ең төменгі күнкөріс минимумымы Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Көш басындағы елордамен алшақтық 22 пайыздан жоғары» - делінген таратылған ақпаратта. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінде, Қазақстан бойынша халықтың жан басына шаққандағы күнкөрісінің ең төменгі шамасы 31,6 мың теңгені құрап, 2020 жылдың наурызымен салыстырғанда 2,8 пайызға және 2019 жылдың сәуірімен салыстырғанда 13,5 пайызға артты. 

Естеріңізге сала кетсек, 1 сәуірден бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш мөлшері ұлғайтылып, 2 778 теңгені құрады. Ал жыл басында ол 2 651 теңгеге артқан болатын. Бұл өз кезеінде күнкөріс минимумының да өсуіне әкелді. Сонымен қатар АЕК-ке байланысты ең төменгі жалақы, төменгі зейнетақы мөлшері де артты. 

Күнкөріс минимумының ең үлкен сомасы елордада 36,4 мың теңге болса, одан кейінгі орында тұрған Маңғыстау облысында 36,2 мың, Алматыда 35,2 мың теңгені құрайды. Ал ең төменгі сома Батыс Қазақстан (28,2 мың теңге), Ақтөбе (28,37 мың теңге) және Павлодар облыстарында (28,48 мың теңге) тіркелген.