11 мам, 2020 сағат 10:45

Қазақстанда «Отбасы банк» құрылады

Қазақстанда халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында «Отбасы банк» құрылады. Бұл туралы төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй жинақ банкі» негізінде тұрғын үйді бөліп беріп отыру, есеп жүргізу жұмыстарын орталықтандыратын толыққанды даму және қолдау институтын - «Отбасы банк» құру керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл саланы жүйелі түрде өзгерту жұмысы күтіп тұр. Осылайша азаматтар өзінің зейнетақысының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттай алады.

«Мен бұрын мұндай тапсырма бергенмін. Бірақ ТЖ режиміне байланысты бұл жұмысты талқылау созылып кетті. Шешім қабылдайтын уақыт жетті. Үкімет 1 шілдеге дейін өз амал-әдістерін айқындауы керек», - деді Тоқаев.