22 сәу, 2020 сағат 09:01

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде қандай жаңа салық жеңілдіктері енгізілді?

«Салық салу мәселелері бойынша экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» ҚР Президентінің 16 наурыздағы Жарлығын іске асыру бойынша одан арғы шаралар туралы» ҚР Үкіметінің 20 сәуірдегі қаулысы арқылы кезекті салықтық ынталандырулар топтамасы көзделуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Біріншіден, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде айтылған тапсырмаларды орындау үшін ағымдағы жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін экономиканың көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері салықтан және еңбекақы төлеу қорынан алынатын әлеуметтік төлемдерден (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар) босатылды.

Сауда, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй нысандары, көлік және консультациялық қызмет көрсету және ІТ саласын қосқандағы қызмет түрлерінің толық тізімі осы қаулының 1 қосымшасына сәйкес, бекітілген.

Бұдан басқа, 2 қосымшаға сәйкес, ағымдағы жылғы 1 сәуірден 1 шілдеге дейін жекелеген ірі кәсіпкерлік субъектілері жеңілдіктерді қолдану үшін зардап шеккен салалар бойынша қызмет түрлерінің тізбесі анықталды.

Екіншіден, әуе қатынасы саласында инфрақұрылымды қолдау және жұмыс орнын сақтау мақсатында ұшулар тоқтатылған кезеңде ынталандыру шаралары қабылданды: барлық әуежайлар ағымдағы жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін мүлік салығынан босатылып, жыл соңына дейін әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және лизингтік мәмілелерді заңдық сүйемелдеу бойынша бейрезиденттер үшін қосылған құн салығын төлеу ұзартылды.

Үшіншіден, ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылар, медиаторлар) мүлік салығынан босатылды. Бұдан бұрын, ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, спорттық нысандар, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, туристік қызмет нысандары жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылған болатын. 

Төртіншіден, індетке қарсы іс-шараларға жұмылдырылған жұмыскерлер барлық салық түрлерінен және еңбекақы төлеу қорының әлеуметтік төлемдерінен босатылды.

Бесіншіден, салық төлеушілерге қолайлы болу үшін 2019 жылғы салықтық міндеттемелер есебі нысанын тапсыру мерзімі 2020 жылғы 31 наурыздан 2020 жылғы 31 мамырға ауыстырылды.