24 сәу, 2020 сағат 09:46

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 879 миллиард теңгеге ұлғайды

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары жыл басынан бері 879 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы активтері 2020 жылдың бірінші тоқсанында 879 миллиард теңгеге ұлғайды. Осылайша азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары 11,7 триллион теңгеден асып, 2020 жылдың басынан бергі өсім 8% құрады. 

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасты және соңғы 12 айда 21%-ға ұлғайып, 11,4 трлн теңге болды. 

Айта кетейік, «БЖЗҚ» АҚ жарналарының барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10 миллионнан асты. 

2020 жылдың бірінші тоқсанында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 261,9 млрд теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2019 жылдың алғашқы 3 айындағы көрсеткіштен 19% артық. Төлемдер 45 млрд теңгені құрады, олардың басым бөлігі жасы бойынша (16,7 млрд теңге), ҚР шегінен тыс ТТЖ кету бойынша (11,6 млрд теңге). 

2020 жылдың басынан бастап 1 сәуірге дейінгі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 661,7 млрд теңгеден астам инвестициялық кіріс есептелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 564,8 млрд теңгеге артық. 

«Ал 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы таза инвестициялық табыс 96,9 млрд теңге болған еді. Бұл ретте инвестициялық қызмет нәтижесінде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кірістің мөлшері әрқашан өзгеріп тұруы мүмкін екендігін және оны ұзақ мерзімді перспективада қарау қажет екенін есте сақтау маңызды. 2019 және 2020 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып қарағанда көріп отырғанымыздай, инвестициялық кіріс – бұл қаржы құралдарының құнына және тұтастай қаржы нарығындағы жағдайға тәуелді, тіркелмеген шама. Сондықтан жекелеген қаржы құралдары есебінен инвестициялық кіріс шамасының уақытша төмендеу ықтималдылығы болашақта зейнетақы активтерінің барлық инвестициялық портфелін ұзақ мерзімде әртараптандыру есебінен өтелетін болады»,– деп атап өтті БЖЗҚ.