25 нау, 2020 сағат 08:15

Қазақстанның 33 азаматы Сауд Арабиясынан елге оралды

Сауд Арабиясындағы қазақстандықтар елге оралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz ресурсына слітеме жасап.

Азаматтарымызды шет елдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының бірлескен күш-жігерімен 24 наурызда осы елдегі отандастарымыз елге қайтарылды.

«Қазақстанның Әскери-әуе күштері әскери-көлік авиациясының атсалысуымен Қазақстанның 33 азаматы «Джидда - Ақтау» бағыты бойынша аман-есен үйіне оралды. Бұл азаматтар Корольдіктің аумағында болған және Сауд билігі COVID-19 таралуына қарсы шаралар қабылдау аясында шектеу шараларын енгізіп, халықаралық әуе, жер үсті және теңіз қатынастарына толық тыйым салу салдарынан елден шыға алмай қалған» делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының аумағында Қазақстан Республикасының 100-ге жуық азаматы өз еркімен қалды. Олардың көпшілігі келісімшарт бойынша Корольдіктің түрлі қалаларында жұмыс істейді. Оның ішінде туристік визамен келген және Мекке мен Медина қалаларында уақытша жүрген 11 адам бар. 

Елшілік пен Бас консулдық аталған азаматтармен тұрақты байланыста.