31 қаң, 2020 сағат 15:00

ҚазҰУ ректоры БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті

«Digital Almaty 2020» халықаралық форумы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильдпен және БҰҰ Ғаламдық коммуникация департаментінің өкілі Властимил Самекпен кездесті, – деп хабарлайды  университеттің баспасөз қызметі.

Тараптар ҚазҰУ-дың БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму бойынша жаһандық хабы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған шараға қатысуын талқылады.

Фабрицио Хохшильд БҰҰ-ның жаһандық даму мақсаты жолында қазақстандық ЖОО-да жүзеге асып жатқан халықаралық басталамар мен жобалардың мазмұндылығына тоқталып, Жаһандық хабты басқарып отырған ҚазҰУ жұмысына алғысын білдірді.

Сондай-ақ ол әл-Фараби мерейтойына арналған шаралардың маңызын айтып, адамзат өркениетінің тұрақты дамуында өзектілікке ие болатын ғұламаның ізгілікті идеяларын насихаттау қажеттілігін жеткізді.