09 қаң, 2020 сағат 14:40

Кенжехан Матыжанов: Абай – ұлтымыздың рухани темірқазығы

Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов өз ойын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кенжехан Матыжановтың пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақаласы ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде атап өтудің тұжырымдамалық негізі іспетті.

Сондай-ақ, ол Абайдың әлеуметтік, рухани тұжырымдары қазақ үшін қашанда адастырмайтын темірқазық екенін атап өтті.

«Абай – ұлтымыздың рухани темірқазығы. Жылдың басы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен басталуы біздің рухани өміріміздегі үлкен құбылыстың бірі. Бұл – терең ойды қозғаған, өте салмақты мақала деп есептеймін»,– дейді Кенжехан Матыжанов

Оның айтуынша, ел Президентінің Абайға ерекше назар аударғанында үлкен мән бар.

«Өмір үлкен көл, замана соққан жел»,- деген ойшыл Абай. Уақыт өткен сайын Абайды кезең-кезеңмен танып келеміз. Абайға әрқашан жаңа тұрғыдан оралып келіп отырамыз. Биылғы 175 жылдық мерейтой өзгеше болмақ. Ұлы Абайдың бізге өсиет етіп кеткен дүниесі осы елдің еркіндігі, халықтың бостандығы емес пе? Менің ойымша Абай біздің ұлттық болмысымыздың үлкен биігі, сондықтан Абайды жаңаша тану керек және оны жас ұрпаққа жаңаша түсіндіру қажет. Біз Абай көрсеткен ұлы жолдан, Абай көрсеткен адамгершілік, ұлттық нысанадан ауытқымауымыз керек», – дейді тіл маманы.