15 мам, 2020 сағат 14:04

ҚМДБ тасқыннан зардап шеккен Түркістан облысының халқына көмек қолын созуда

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ тасқыннан зардап шеккен оңтүстіктегі халыққа көмек көрсетілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтіп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыға қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы әлі күнге дейін тегін таратылуда. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын!» - деді Бас мүфти ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Наурызбай қажы Тағанұлы «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, игі амалдың сауабы еселінуін тіледі.

«Біз осынау игі жұмыстармен шектелмей, Мақтаарал ауданындағы жерлестерімізге әр облыстағы мешіттердің қолдауымен азық-түлік тиелген жүк көліктерін жібердік. Қаржылай да қолдау көрсеттік. Біз бүгін «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, облыстағы мешіттердің атсалысуымен 10 миллион теңге қаржылай көмекті «Түркістан корпоративтік әлеуметтік даму қорына» аудардық. Сонымен қатар 30 тонна ұн жеткізетін боламыз. Алла қаласа, 18 мамырда Мақтаарал ауданындағы баспанаға аса зәру екі отбасыға екі үйдің кілтін табыстаймыз. «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асатын қайырымдылық шарасына, Алла бұйырса өзім де қатысамын. Сондай-ақ Төлеби ауданындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге де қайырымдылық көмек беруді жоспарлап қойдық», - деді ол.

Бас мүфти төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған шешіміне түсіністік танытып, оразаны оқшау түрде өткізіп, үйде құлшылық етіп жатқан баршаңызға өз атымнан тағы да алғысын жеткізді.