31 қаз, 2017 сағат 13:35

"Көрікті мекен" танымдық сапарына қатысушылар кімдер?

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дейді. Демек, ата-бабадан аманат болып қалған сайын даламыздың әрбір тасын, тауы мен бұлағын, өзен-көлін, тұмса табиғатын кейінгілер жәй ғана танып қоймай, оның тарихын терең меңгеруі үшін қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды.

Осыны ойға алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті «Көрікті мекен» жобасын қолға алды. Жоспар бойынша екі күнге созылатын танымдық сапардың мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, еліміздің өзен-көлдеріне арнайы саяхат жасап, олардың тарихын тереңірек тану арқылы ұлттық болмысымызды жаңғырту және комитетке қарасты су ресурстары нысандарының жұмысын əлеуметке насихаттау.

Әзірге белгілісі, осы аптада өтетін танымдық сапарда елімізге танымал бұқаралық ақпарат құралдарының, телевизия мен интернет-журналистиканың белді өкілдері қатыспақ. Топ құрамында «Хабар» Агенттігі интернет дирекциясы директорының орынбасары, белгілі интернет-сарапшы Өркен Кенжебек, кәсіби фотограф, журналист, «Қазконтент» интернет-арнасының үйлестірушісі Максим Рожин, «Дарын» мемлекеттік  жастар сыйлығының лауреаты, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Рахат Жақсыбай, белгілі блогер, интернет-сарапшы Яков Федоров  жəне Вaq.kz ақпараттық порталының бас редакторы Ержан Әбдраман бар. Сондай-ақ, жобаның алғашқы қадамы еліміздің оңтүстігінен басталатынын айта кетейік. Екі күн бойы шығармашылық топ ондаған су нысандары мен өзен-көлдердегі жағдайды көзбен көріп, мамандармен сұхбаттасса, құнды мәліметтерді ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияламақ ниетте.

Ермұрат ШОПАН