03 сәу, 2020 сағат 15:20

Коронавирус: Бос қалған қала көшелерінде жабайы аңдар көбейіп кетті

Жаңа COVID-19 коронавирусының таралып кетпеуінің алдын алу үшін енгізілген карантин шараларына байланысты әлемнің көптеген қалаларында көше қаңырап бос қалды. Бұл туралы Yahoo News басылымы хабарлады.

Жаһанды жайлаған вирус Испания, Италия, Жапония және Чили, сонымен қатар Ұлыбритания секілді мемлекеттердің елде төтенше жағдай жариялауына себеп болды. Осы жағдай табиғатқа да әсер етуде. Бос қалған көшелерді адамның орнына жабайы аңдар кезіп жүр.

Уэльстің солтүстігінде теңіз жағалауындағы Лландидно қаласының көшелерін Орме тауынан түскен жабайы тау ешкілері еркін аралап жүр. Жануарлар адам болмағандықтан қалаға қорықпай кірген көрінеді.

Үндістандағы Одишеде жағалау маңында жүздеген тасбақа байқалған.

Шығыс Лондонда бір үйір бұғы Гарольд Хилл тұрғын үй кешеніне еркін орналасып алды. Болжам бойынша, жүзге жуық бұғы көршілес Дагнам қорығынан келген. 

Осыған ұқсас суреттер Жапонияның Нара қаласында да түсірілген. Шамамен 100 жабайы бұғы қаланы кезіп жүр. Әдетте, бұл жануарлар қорық маңында жүретін, оларды туристер тамақтандыратын. Енді олар азық іздеп қала көшелерін шарлауға кірісті. 

Үндістанның халық тығыз орналасқан аудандарының бірі Уттар-Прадештегі Тирупати қаласынан да тұрғындар теңбіл бұғыларды байқаған. Айта кетсек, елде 1,3 миллиардқа жуық адам бар.

Италияның коронавирустан ең көп зардап шеккен аудандарының бірі Бергамода жабайы қабан жүргенін көргендер бар. 

Соңғы мәлімет бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан асып, 50 мыңнан астам адам көз жұмды.