02 мау, 2020 сағат 12:10

Коронавирус көбейген елдерге әуе рейсі қайтадан тоқтатылады – ҚР ИИДМ

Коронавируспен ауырғандар көбейген елдерге әуе рейсі қайтадан тоқтатылады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық әуе рейстерін жандандыру жұмыстарын біз ғана атқармаймыз. Мұнда Денсаулық сақтау министрлігі өз желісі бойынша жұмыс істеуде, себебі тиісті тексерулерден өтіп, ұшуға рұқсат алу үшін бірнеше процедура жүргізу керек. ҚР Сыртқы істер министрлігі де еңбек етіп жатыр. Бұрын визасыз ұша беретін елдер виза мен рұқсаттаманы міндеттеп қойған. Осылайша, әріптестермен кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингісінде.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына қатысты жағдай тұрақталған бірнеше елдің авиациялық билігімен рейстерді қалпына келтіру мәселелері талқыланып жатыр.

«Бізге шет елдердегі кейбір шектеулер мен тыйымдарды алғызу керек. Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігер аталған елдердегі жағдайды міндетті түрде бақылауға алады. Рұқсат берілген елдерде эпидемиологиялық жағдай қиындаса, ұшуды жедел тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – рейстерді жандандыру бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің міндетті талабы», - деп түсіндірді министр.

Сонымен бірге, министр Нью-Йорк пен Сингапурға әуе рейстерін ашу жоспарының Ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында қаралатынын айтты.

Бұған дейін министр Қазақстанда халықаралық рейстердің кезең-кезеңімен ашылатынын айтып, рұқсат берілген алғашқы мемлекеттер тізімін жариялады.

Сондай-ақ, әуе компанияларының билет құнын айыппұлсыз, толық қайтаруға міндетті екенін жеткізді.