26 мам, 2020 сағат 13:02

Коронавирус жас талғамайды - Алтай Көлгінов

Елордада коравирус жұқтырған 1 686 науқастың 51 пайызы емделіп шықты. Бұл туралы Хабар-24 телеарнасының тікелей эфирінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлемдік пандемия қалыпты өмірімізге өзгерістер енгізіп, басқаша өмір сүруге мәжбүр етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығы азаматтарымыздың тәртіпті сақтап, инфекциядан қорғануымызға септігін тигізді. Президенттің дер кезінде қабылдаған шаралары азаматтардың оқшаулануына жағдай жасап, нәтижесінде вирустың кең таралуына жол берілген жоқ. Осындай сын сағатта халықтың біртұтастығы маңызды. Індет тарала бастаған алғашқы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған үндеуі қоғамдық біріктіріп, қиындықты бірге еңсеруге көмегін тигізді», - деді Алтай Көлгінов. 

Елорда басшысының дерегінше, осы аралықта елордада коронавирус жұқтырған 1 686 науқас тіркелді. 835 пациент немесе 51 пайыз азамат емделіп шықса, қалғандары қазіргі уақытта карантинде жатыр. Өкінішке қарай 5 адам қаза болды. 

«Қазіргі күнделікті өсу статистикасы 2-ден 4 пайызға дейін болып отыр. Науқастардың 40 пайызы - 30 жасқа дейінгі жастар, ал 35 пайызы - 30-дан 50 жасқа дейінгі адамдар. Яғни, осы статистикаға жүгінер болсақ, вирус тек қана үлкен адамдарға, зейнеткерлерге немесе бұрынан ауруы бар азаматтарға қауіпті деген сөз расталмады. Сондықтан қазіргі жағдайда, біздің тәжірибе көрсеткендей, коронавирус жас талғамайды. Яғни, коронавирустан барлығымыз бірдей сақтануымыз қажет. Сақтықта қорлық жоқ», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.