19 мам, 2020 сағат 15:28

ҚР Президенті шығыны көп ЕАЭО шешімдерін кейінге қалдыруды ұсынды

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы онлайн отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның шығыны көп кейбір шешімдерін кейінірек орындауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде елдеріміздің бизнесі өте күрделі жағдайға тап болып отыр. Өндірісті дамыту жоспары, жеткізу тізбегі бұзылып, кредиторлық берешек өсіп кетті. Іс жүзінде барлық ресурс жұмысты тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтауға жұмылдырылған. Сондықтан, Одақ органдарының барынша шығынды жекелеген шешімдерін орындау ақылға қонымды болмақ емес. Қалай десек, Ұйымымыздың қазіргі даму кезеңінде. Мұндай шешімге міндетті таңбалауды енгізу жоспарын жатқызуға болады. Бірақ, бұл мәселені комиссия аясында Үкімет қарауы тиіс», - деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалу қажеттігін баса айтты. 

«Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Дәл осындай жұмыс өзге де елдерде жүргізілгеніне сенімдімін. Сондықтан сыртқы сын-тегеуріндерге жауап қайтару және дағдырстан кейінгі кезеңде экономиканы дамыту шараларын талқылау үшін елдеріміздің қаржы-экономикалық блок министрліктері басшыларының, толықтай алғанда Үкімет алаңын құрып, белсенді пайдалануды ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.