27 мам, 2020 сағат 08:28

Құны 1 млрд теңгеге жуық маскалар Қазақстаннан шығарылмақ болды

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде медициналық жеке қорғаныс құралдарын заңсыз шығармақ болған 15 жүк көлігі ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жүк көліктерін 1-16 мамыр аралығында ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұстаған.

«Тексеріс кезінде құны 2,2 миллион АҚШ доллары (1 млрд теңгеге жуық) сомасына тең
1 миллионнан астам жеке қорғаныс құралдары (медициналық бетперделер, респираторлар және т.б) анықталды.

Мемлекеттік шекарадан өту кезінде тасымалдаушы салық төлеуден жалтару мақсатында жалған электрондық шот-фактураларды толтырған. Бұдан басқа, тасымалданатын тауарға рұқсат құжаттары болмаған.

ЖШС басшысы серіктестіктің тіркеуіне және қаржы-шаруашылық жұмысына қатысы жоқ болып шықты.

Еліміздің бюджетіне келтірілген залал ЖШС-нің барлық экспорттық операцияларынан шамамен 284 миллион теңгеге жеткен», - делінген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінде.

Заңсыз кәсіпкерлік қызметтің орын алуына байланысты құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу қызметіне берілді.