28 сәу, 2020 сағат 08:08

Лотерея: Алматыда ұтысқа тігілген 4 көлік жалға алынған

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мен полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде ұтысы жоқ жалған лотерея ойынын ұйымдастырған топты анықтады, - деп хабарлайды қалалық экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.

Экономикалық тергеу департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған топ 2020 жылдың 23 ақпан мен 23 сәуір аралығында құнды ұтыс сыйлықтарын - яғни 4 автокөлік (2 седан және 2 джип), Алматы қаласында бір бөлмелі пәтер және басқа да тұрмыстық техниканы ойнатпақ болып, жалған лотерея ойынын ұйымдастырған.

Алайда, жоғарыда көрсетілген құнды сыйлықтар болмаған. Олар лотерея ойынына қатысушыларды сендіру үшін, 4 автокөлікті басқа жеке тұлғалардан жалға алғандығы анықталды.

Әлеуметтік желелерде жүргізген жарнама арқылы 9 900 теңге тұратын 20 000 данадан астам ойын билеті сатылған.

Ұтыс ойынын ойнататын бағдарламаға, ұйымдастырушылармен алдын ала белгіленген ұтыс билеттері енгізілген.

«Қазіргі таңда, ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (алаяқтық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы) бірқатар азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады қалалық экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, лотерея ойынын ұйымдастырушылар төтенше жағдай шектеуін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, Алматыда 12 адам бір ғимаратқа жиналып ұтыс ойынын ұйымдастырған. Жиналғандар онлайн трансляция жүргізген. Олардың арасында әнші Ернар Айдар да бар. Әнші карантин режімі бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.