22 мам, 2020 сағат 09:51

Мақтааралда 500 үй салынып жатқан құрылыс алаңы дезинфекцияланды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентіндегі құрылыс алаңы дезинфекцияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірлік коммуникация қызметінің мәліметінше, бұл шаралар әртүрлі инфекциялық аурулардың ел ішінде таралуына жол бермей, далалы жерде кездесетін қан сорғыш жәндіктерді жоюға бағытталған. 

Бұл туралы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Гаухар Сәулебекова мәлімдеді. 

«Қазіргі таңда Мырзакент кентінде жаңа елді мекен бой көтеріп, онда 500-ден астам үй салынып жатқаны баршаға белгілі. Осыған байланысты қауіп-қатердің алдын алу үшін дезинфекциялап жатырмыз. Далалы жерлерде кене, бүрге сияқты зиянды жәндіктер жиі кездесетіні белгілі. Сондықтан құрылысшылардың және болашақта осында көшіп келетін халықтың қауіпсіздігі үшін профилактикалық шаралар қажет», – дейді Гаухар Шырынқызы. 

Құрылыс алаңына арнайы дайындалған дәріні шашу үшін 3 маман жұмылдырылған. 

Айта кетейік, бұған дейін арнайы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген қызметкерлер су басқан Фирдоуси және Өргебас ауылдарында залалсыздандыру жұмысын жүргізген болатын. 

Алдағы күндері қалған елді мекендерде де профилактикалық шаралар қолға алынады.