04 шіл, 2017 сағат 09:00

Маңызды мәселелер талқыланды

Үстіміздегі жылдың 4 шілдесінде Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Әскери кеңес отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов, қолбасшылықтың басшылық аппараты, қолбасшылыққа қарасты құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Әскери кеңес отырысын ашқан өңірлік қолбасшылық қолбасшы генерал-майор Қ.Ақтанов алдымен Ұлттық ұлан мен оның өңірдегі құрамаларына мемлекет тарапынан жүктелген міндеттемелердің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, жыл басында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында өткен алқа жиналысында әскери ведомстоның жұмысын жетілдіру бойынша ІІМ мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан қойылған нақты тапсырмаларды сапалы орындау күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып саналатындығын атап айтты. Және де бұл жұмыстардың барлығы да қысқа мерзім аралығы мен қаражатты қатаң экономикалық үнемдеу арқылы жүзеге асуы тиіс екеніне баса назар аударды. Осы орайда қолбасшы ел бюджетінен бөлінген әрбір теңге жоспарланған іс-шаралар үшін ұтымды әрі тиімді пайдаланылып, қандай да болсын рәсуалыққа жол бермеу қажет деп атап өтті.

Өз кезегінде, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор М.Сатов әскер құрамы елорда төрінде өтетін үлкен жұмыс атқарып отырғандығына, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі кезінде өзге ішкі істер органдарымен қанаттаса отырып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететіп жатқандығына тоқталды. Осы еліміз үшін бір жағынан абыройлы да, бір жағынан сындарлы сәтте, сырттан көптеп келіп жатқан туристер қауымының алдында қызметті қаяу түсірмей атқару қатардағы жауынгерден бастап, генералдарға дейін зор сын деп атап өтті.

Мұнан соң жиында өңірлік қолбасшылық жеке құрамының жартыжылдық қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті жайлы қолбасшылықтың Бас штабының бастығы генерал-майор Андрей Қаскеленов, сондай-ақ әскери тәртіп, техника жайы, тыл қызметінің жай-күйі жайлы қолбасшысының орынбасарлары полковниктер С.Сүлейменов, Н.Көпеев, А.Жуков баяндама жасады.

Алқалы жиын соңында нақты тапсырмалар беріліп, қызметтің жетістіктері айтылып, олқы тұстары сыналды. Алдағы мерзімге бағытталған жұмыс жоспарлары пысықталды. Соңынан жарты жыл бойында қызметін үлгілі атқарып, жоғары нәтижелері көрсеткен қызметкерлерге алғыс жарияланып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, қызметтің барлық жағы бойынша алға шығып, ел үшін екпінді еңбек үлгісін көрсете алған әскери бөлімдер – Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімі – бірінші, Талдықорғандағы 5514 әскери бөлімі – екінші, Алматыдағы 5571 әскери бөлімі – үшінші орынға ие болды.

Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,

Алматы қаласы