28 мам, 2020 сағат 13:29

Мемлекет басшысы көтерген мәселелер қазіргі жағдай талаптарына сай келеді – Айдос Сарым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерген мәселелер заман талабы десе болады. Бұл пікірді саясаттанушы Айдос Сарым білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының мәлімдемесі қазіргі жағдайға, әсіресе карантиндік және төтенше жағдайларға байланысты талаптарға сай келеді. Көріп отырғанымыздай, біздің көптеген мекемелеріміз коронавирус сияқты індеттен сақтануға дайын емес. Сондықтан бәрін қолмен жасауға тура келді. Кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырма да, оған дейін айтқаны да тиісті стратегиялық қаңқаны құру үшін қажет болды. Бұл шаралардың барлығы жаңа міндеттерді шешуге арналған», - дейді саясаттанушы. 

Ол коронавирустың әлемнің тыныс-тіршілігін тежеп, әдеттегі өмір салтын бұзғанын айтты. 

«Біз бір ғана вирустың әлемдегі қимыл-қозғалысты тежеп, дәстүрлі өмір салтын бұзып жібере алатынына көз жеткіздік. Енді медициналық ғылымға барынша ден қоюымыз керек. Мемлекет басшысы бұл туралы да айтқан еді. Сондай-ақ кадр дайындаумен айналысу керек. Пандемия кезінде көріп отырғанымыздай, әрбір мемлекет ең алдымен өзіне, өзінің халқына қамқор болып отыр. Әр мемлекет өз экономикасына жұмыс істеп жатыр. Сондықтан біз де өткен-кеткенімізді бағамдап, қазіргі уақытта бізге не керек, бес, он, отыз жылдан кейін бізді не күтіп тұруы мүмкін екенін түсініп алуымыз қажет. Саясатымызды медицина және басқа да салаларға бейімдеуіміз керек», - дейді Айдос Сарым.