17 сәу, 2020 сағат 13:24

Мемлекеттің әлеуметтік төлемі отбасыма үлкен көмек болды - көкшетаулық тұрғын

Көкшетау қаласында тұратын Әсем Әлиева мемлекет тарапынан берілген 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем отбасы үшін үлкен көмек болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде карантин режимінің жариялануына байланысты берілетін 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді кеше алдым. Бұл қаражат қазіргі уақытта отбасым үшін үлкен көмек болды. Киім-кешек сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін және карантинге байланысты жұмысымыз тоқтап тұр. Сондықтан еңбек демалысындамыз. Бірақ, еңбек демалысы уақытының аяқталуына байланысты енді ақысыз демалыстамыз десек те болады. Міне, осындай кезде мемлекет тарапынан берілген көмек үлкен демеу және отбасымызға бір айлық азық-түлік алуға жеткілікті», - деді ол. 

Әсем жолдасымен 2 баланы тәрбиелеп отыр. Өздерінің жеке пәтерлері жоқ. Сондықтан оны жалдауға мәжбүр. 

«Жолдасым қаладағы фирмалардың бірінде монтаждаушы болып жұмыс істейді. Алайда, оның табысы жалдап тұрып жатқан пәтеріміздің ақысына, коммуналдық төлем жасауға кетеді», - деді Әсем Әлиева.