25 жел, 2019 сағат 03:32

Мейірхан Ақдәулетұлы. "Аршылдық" синдромы: өтірікші ұлт боламыз ба?

«Ақылды кісі өзгенің, ақымақ адам өзінің қателіктерінен сабақ алады». Ұлт та солай: «ақылды ұлт өзгенің, ал ақымақ...»

Біз өзгенің қателіктерінен сабақ алудан әзірге аманбыз: ұлтты түгел айтпағанда, оның «мойны озық» бөлігі — қазақ тілді зиялы қауым (орыстанғандарда ұлт туралы ойлану проблемасы жоқ, олар — «әлем азаматтары»), жұмсартып айтқанда, әлем тарихын, ұлттар тарихын аса терең біле бермейді. Тәуелсіздік алғалы бергі зиялы қауымның адал, бірақ аңғал әңгімелері мен қимылына қарағанда, әлемде жалғыз қазақтан өзге ұлт жоқ сияқты, әлемдік проблемалар қазақтың көңіл-күйіне қарап қана шешілетін сияқты, тіпті, біздің ұлттық тарихта да, бізден бұрын өмір сүрген ұрпақтарда да еш кінәрат болмаған сияқты: біздің ұлттық қасіретімізге тек қана өзгелердің кесірі тигенге ұқсайды. Содан ба, «жылауық ұлтқа», «жолы болмағанына тек қана өзгелер кінәлі ұлтқа» айналдық...

Демек, қазақ қателесіп көрмеген!..

Дәл осы қисынды ұстансақ... бүгінгі ұлт өз қателігінен сабақ алу мүмкіндігінен де жұрдай болады. Сонда біздің кім болғанымыз?..

Асылы, олай емес-ті. Қателік жетіп артылатын. Соны жалған намысшыл қазақ сыбырлап қана айтады. Дауыстауға «ұят»...

Асылы, айғайлап айту керек-ті. Себеп? Себебі, тарих — абайламасаң дамбалсыз қалдыратын дабыра-мақтан үшін ғана емес, өткеннің өрттей өкініштерін қайталамау үшін де қажетті сабақ. Баланы алдарқататын емес, өмірдің қатал драмаларына төтеп беру арқылы ғана өзін сақтай алатын тұтас, есті ұлттың ділін аяусыз ақиқаттармен шынықтыратын сабақ. Қатеден сақтандырушы өнеге. Мысалы: ұлы неміс халқы фашизм үшін, Рим папасы крест жорықтары мен инквизация үшін әлемнен кешірім сұрайды...

Біз үндемейміз: «бізде бәрі жақсы болады...». Біз тарихтың тәтті ертегіге ұқсағанын көбірек қалаймыз. Әрине, іші тоңыңқырап қалған халықтың өзіне деген сенімі берік болмағы үшін өткеннің ізгі өнегесін көбірек айту керек шығар. Бірақ біз өз тарихымыздың ащы сабақтары туралы айтуға, айтып қана қоймай, тереңірек талдауға жоқпыз...

Бүгінгі, болашақ ұрпақ үшін әр қазақтың атасы міндетті түрде батыр, би болғаны туралы аңыз-шындық аралас «әлди» ғана емес «әлгіндей-әлгіндей қасіреттерге халық неліктен ұшыраған?» деген сауалдардың жауабы да керегін біздің зиялы қауым, әсіресе, «халықты қалай тәрбиелеуді білетін» идеологтар ескеруі керек сияқты. Олар «қазақ — маладес!» деуден әріге бармайды.

Бару керек еді. Тым құрыса, «өз қателіктерімізден үйрену үшін». Соларды қайталамас үшін. Қазақтың «дос-дұшпаны Абай» (А. Сүлейменов) айтқан, «өлеңмен суреттеген» ұлттық болмысымыздың біз дүниеден көшкеннен соң да, еш өзгеріссіз қалмауы үшін (көптеген зиялылар мен атқамінерлер Абайдың тура өзінің қылығын дөп басып айтқанына таңданып, ырс-ырс күліп отырады!).

Тәуелсіздік алғалы едәуір су ақты. Ұлттық сана едәуір шалықтап алды. Енді кем-кемдеп өзімізді «шенеп-мінеу» де басталды. Бұл — түзелудің, бой тіктеуге ұмтылудың белгісі. Бірақ, ресми тарихнамада (әлде, «оңай көсемдікке» ұмтылушылар ма?) «өзгелерде не бар, соның бәрі бізде болмаса да болуға тиіс!» деген ұранмен ғана жұмыс істеп тұр. Дәл осы «ізгі ниет» бізді кембағалдық комплексіне ұрындыра бастады. Қазіргі әскери терминмен айтқанда, ұлы шайқастардың бірінде барлаушылар ротасының немесе тосқауыл батальонының командирі (сөз жоқ, ержүрек!) болған батыр күллі ұлтты қорғаған болып шығады, ал бұрын-соңды Соқыр Абыз, Әйтеке, Төле, Қазыбек деңгейінде жалпы қазаққа аңыз арқылы танымал бола алмаған әлдебір би (сөз жоқ, қадірлі кісі!) әрі тарихшы, әрі батыр, әрі... скрипач болып шығады да... немересінің тұстасымен «қандыкөйлек жолдас» болып, дүниені шарлап жүреді... Немесе... үш ұлы бидің әлдебір ортақол суретші салған суретіне сүйеніп, сол дарынсыз суреттен қай жүздікі екенін (тура мағынасында, әрине) сақалына қарап (ұлы сақал — ұлы жүз, кіші сақал — кіші жүз, т.т.) айыруға болатын икона жасап әуреміз: арабтардың ұлы Пайғамбарды суретінің жоқтығына қарамай-ақ шексіз қастерлейтіні қаперімізде де жоқ...

Осының бәрі — қазақы, аңғал көңілдің езу тартарлық қана көрінісі. «Қайтсін енді...» деп, жүрегің елжірейді де қояды.

Бірақ заман, уақыт, тарих қазақы көңілге қарамайды: мына Үндістанда саны 10 миллионнан асып жығылатын 25 ұлт бар екендігі бізді сақтыққа, естілікке шақырса керек-ті: кішкентай халықтарға ұлы білік керек!

Арғы тарихқа салауат, біз — кешеден бүгінге келген ұлт — сол кешегі тарихқа, сол тарих аренасында қимылдаған тұлғаларға тереңірек үңіліп те үлгерген жоқпыз. Орыс отары болып, қажып-қалжырай бастаған ұлт қызыл түсті идеология қылышын сүйретіп келгенде қандай күйге ұшырады? Әрқайсысы қазақ үшін қадірлі тұлғалар шын мәнінде не тындырып, неден қателесті? Сол кездегі ұлттың шынайы болмысы, ұлттық сана деңгейі қандай еді? Қатарынан шыққан «халық жауларының» саны жағынан неге қазақ бірінші орын алды? Ұлт кешкен қасіреттердің себебінде «таза қазақы себептің» — этнопсихологиялық, этникалық фактордың — үлес салмағы қандай еді?..

Сауал көп. Біз жауап іздеген жоқпыз. Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұртты қасіретті өткен шақты қазбаламауға шақырған-ды. Ел бірлігі күшейсін дегені болар. Бірақ қазіргі ұлттық сана біз «айтуға ұялатын» жайттарды ашық айтып, әр нәрсені атымен атағанда ғана тағы бір сатыға көтерілсе керек: бүгінгі, келешек ұрпақ ардақтылардың өнегесі ғана емес, өкінішке қалдырған қателіктерін де анық білгенде ғана адаспайды — қайталауға болмайтынын ұғады...

Адам — ғапыл. Себебі, өзіне сырт көзбен қарай алмайды. Оның ақиқи болмысы Аллаға ғана аян: әділ сынай алатын сырт көз сонікі.

Ұлт та солай. Біздің ақиқи болмысымызды сырт көз ғана қапысыз біледі. Ұлттың өзіне сырт, сын көзбен қарауының жалғыз ғана мүмкіндігі бар. Ол — тарих. Соның боямасыз көрінісі, нақты мысалы.

Демек, біздің кешегі тарих туралы қате айтуға қақымыз жоқ — өтірікші, өзіне өзі өтірік айтатын ұлтқа айналамыз.

Біз әлі күнге дейін таптық, әлеуметтік соқтығыстың екі жағында болған Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаевты, Сәбит Мұқанов пен Ахмет Байтұрсыновты, т.т. бірдей қадірлейміз. Дұрысы да — осы. Бірақ сол қасіретті қарсыласудың, тіпті, қазақы бақталастықтың неге соқтырғаны туралы қажетті әңгімені айналып өтеміз. Неге?

Езу тартарлық тағы бір жайт: соңғы жылдары Махамбетті амалсыздан ғана айтып, ал Жәңгірге «адвокат» бола бастадық! Бұл да аңғал түсініктен, шолақ идеологиядан туған «ұялшақтық» – әлде біреу Махамбет болып шыға келер деп қысыламыз ба?! Махамбет «кедей жоқшысынан» әлдеқайда биік ұғым — құндылықтың иесі екенімен, Жәңгірдің, сайып келенде, орыс тәжінің қарауындағы, биліктің асатаяғын біреуге ұстата қойғысы жоқ қарсылас екенімен, ең бастысы... мүлде басқа заман, басқа деңгейдегі сана иесі екенімен шаруамыз жоқ...

Бізге – қазаққа! — тарихи шындықты айта бастасақ, әлдекімнен ұят болатын, әлдебір ұлттық құндылықтар кеміп қалатындай болады да тұрады.

Осының бәрі — балаң ұлттың түсінігі. Жалған аршылдық, кембағалдық... Немесе, тарихқа, әдебиетке, руханиятқа монополия жасағысы келетін өзіне шектен тыс сенімді ұлт зиялыларының пиғылының нәтижесі.

Мәселен, ұлы орыс жазушысы Федор Достоевскийдің қояншық болғанын, өмірі де кісі қызығарлық болмағанын қысқа күнде қырық айтатын орыстар соның қадірін түсіріп көрді ме?! Революцияның жыршысы В. Маяковскийдің ше? Рас, оның — құдіретті дарынның – идеяға алданғанына орыстар әлі өкінеді. Бірақ қадірлейді. Психопат Ван Гогтың өмірі үшін ешкім арланбайды — өнерін кие тұтады...

Ал біз «қызыл сұңқар» Сәкенге, «кедей жазушы» Сәбитке адвокат болып әлекпіз. Сегіз Сері образының сексен пайызын қолдан жасап алғанымызға да еш қысылмаймыз.

«Түп-тұқияннан өзіме шейінге» сеніп, соны марксизм негіздерінше оқытудан дәмеліміз...

Мәселе нақты тұлғаларда ғана емес, сол тұлғалар өмір сүрген кезеңнің нақты тарихын ақиқат жазып, сол кезеңдегі ұлттың болмысын, ішкі қайшылықтарын тануда, сол дәуірдегі ұлттық сананың деңгейін пайымдап, ұлт басынан өткен қиыншылықтардың нақты себебін тануда болып отыр. Сонда ғана ұлт тарихы — өз қателіктерімізді қайталамау сабағына айналады. Ұлттық сана өзінің өткен деңгейін салмақтап, ащы өнеге-өкінішті пайымдайды. Жаңа, жасампаз сатыға көтеріледі.

Демек, біз «жауырды жаба тоқуды» қойып, тарихымыздағының бәрін өз атымен атауға тиіспіз. Сананы сол ғана түзейді. Мәселен, қазақ көркем әдебиетінің ірі тұлғасы Сәбит Мұқановтың «Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын өткізбеу үшін» соншалықты күрескенін айтқаннан оның мәңгілік мұрасының құны түспейді. Мұхтар Әуезовтың Абайдың Мағауиясының қызынан айрылып кетуі ұлы ойшыл қаламгердің құынын төмендетпейді.

Ал біз солардың бәрінен пұт жасауға құштармыз. Абайдың суретін іліп қойып, көзсіз табынып отырғаннан гөрі, оны жан досыңдай, тірі досыңдай өзіңмен бірге алып жүру, адам ретінде тану қаншалықты пайдалырақ болса, «қызылдар», мен «ұлтшылдарды» да, «рушылдар» мен «жікшілдерді» де толық болмысымен тану сонша қажет.

Оларға да, бізге де.

Әсіресе, қазіргі ұлтқа.

Қазақ ұлты, тым құрыса, өз қателіктерінен сабақ алсын. Өзін танысын. Кешегі өзін.

Болашақтың бейнесі сонда ғана айқындалады.

"Алтын Орда" газеті, 22 қыркүйек, 2000 жыл. 

"Адырна" журналының

 2019 жылдың маусымындағы санына қайта жарияланған