25 жел, 2017 сағат 21:21

Мұхтар Мағауин: Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ

Жазушы Мұхтар Мағауиннің шет ел асып кеткеніне бірнеше жыл өтіпті. Мұның себебін сан-саққа жүгіртіп, тереңнен тамыр тартуға  болар. Тіпті, саяси астар іздеп, нешебір долбар жасауға да негіз табылар. Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз - бұл ғана емес. Қаламгердің өзі кеткенмен, сөзі қара үзе қойған жоқ. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, қалам қарымын қазақтың игілігі жолында сарп еткен осынау қайраткер тұлғаның пікір-байламы біз үшін қашан да құнды. Жақында жазушы "Аңыз адам" журналына сұхбат беріп, біраз ойдың тиегін ағытқандай болды. Біз өз тарапымыздан осы бір сырлы сұхбаттың бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Мархабат!

***

Біздің зиялы қауымымыз тобыр болып кетті. Осыдан біраз жыл бұрын мемлекет басшысы: «Қазақта мемлекеттілік те болмаған, шекара да болмаған...», – деді. Соған бір тарихшы бір ауыз қарсы уәж айта алмады. Бәрі үндемей отырды, тіпті мақұлдағандай сыңай білдірді. Қазір мына жаңа әліпбидің арты да жаман болады-ау деп отырмын. Осыдан қайтып ауылыма барған соң (тұрған жерімді ауылым деймін) ол туралы жазамын. Егер ең жаман әліпбиге бәйге жарияланса, осылардың ұсынып отырғаны өтер еді, өйткені бұдан жаман болуы мүмкін емес. Бір ойланбаған нәрсе, 1930-1940 жылдар аралығында латын әліпбиін қолдандық, бірақ соған қараған бір адам жоқ. Ол бұрынғы А.Байтұрсыновтың арабша төте жазуы үлгісінде жасалған болатын. Мен жоғарыдағы нашар нұсқа өтіп кетер ме екен деп қатты алаңдаймын, өйткені, жалдамалы жандайшаптар пайда болды, солар «осы нұсқа жақсы екен, кейін үйреніп кетеміз» дейді, соған қарағанда жоғарыдан нұсқау берілген сияқты, «компьютердің перне тақтасындағы 26 әріпке сыйдырыңдар» деп, сонан кейін де бәрі жалтақтап отыр.

Бұл қазақтың руханиятына ғана емес, бүкіл болашағына қатысты нәрсе. Осындай дүниелерге өз пікірін ашық айта алмаса, ондай зиялының бізге көк тиынға керегі жоқ. Әрине, бірлі-жарым қарапайым адамдар мен тілшілер айтып жатыр, ал үлкендер үнсіз, жалтақтап отыр, «әй мынау болмайды, жарамайды» деп айтса басын кесіп ала ма, айдап жібере ме?! Жоғарыдан нұсқау берілді, болды, соны орындайтын құл болып кеткенбіз. Ертең «мынадай әліпбиді мойындамаймыз» деп жұрт балаларын орысша мектепке бере бастайды әлі.

***

«Мұсылман діні күшейіп келе жатыр» деп қуанып едік, бұл жаңа ағым қазаққа жау болып шықты. Өйткені олар қазақтың салт-дәстүріне қарсы, тіпті Құран қалыптастырған діни терминдерді бұзды. Қазақ бұрын «шариғат» дейтін еді, бұлар «шарият» деді, Алланы «Аллах» дейді. Арабшаның өзінде «Аллах» емес екен. Олар айтса керек еді: «Ұлттың тілін сақтаңдар, әдепті болыңдар, ата-ананы сыйлаңдар», - деп. Бұларда ол жоқ, барлық насихат қазаққа қарсы: «Келін ата-енеге иіліп сәлем салмауы керек, Аллаға ғана иілуі керек» дейді. Келін ата-енеге ғана емес, жасы үлкеннің бәріне иіліп сәлем береді.

Содан кейін мың жыл тұрған әулие ағашты өртеді, ол – табиғаттың өзгеше құбылысы. Германияда сондай бір ағаш бар екен, олар оған тимеген, фотосын қиып алып сақтап қойдым. «Бейіт салуға болмайды, ас беруге болмайды», – дейді. Бұл – қазаққа қарсы шыққан нәрсе, ал қазаққа қарсы шыққан нәрсе жойылуы керек, оған қарсы күресуіміз керек. Бұған жол беруге болмайды, кейінгі жастарды аздырып барады. Мұсылман діні ешқашан жергілікті жердің салт-дәстүріне қарсы шықпаған, сол себепті де бейбіт түрде әлемді жаулаған.

***

Ойлай берсең бәрі уайым. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап қазақтардың отанына оралуына үкімет тарапынан қарсылық болып келе жатыр. Мен бұрын «Жас алаш» газетінде жазғам, «антиқазақ саясат» деп. Мұны істеу оп-оңай еді, келіп жатқан қазақтардың құжаттарын уақытында дұрыстап беруге болар еді, бірақ берілмеді. Мысал үшін атайық, біздің жоғарғы билік орыстардан именеді десек, арнайы қаулы шығармай-ақ қойсын, оралмандар көшіп келген облыстың әкіміне хабарласып «қандастарымызға көмектесіңдер» десе, олар ауданның әкіміне тапсырма береді, сөйтіп бар қиыншылық шешілер еді. Ал бізде келгеннен бастап қудалау, қорлық, мазақ. Бірақ бәрібір тоқтата алмай қойды, жұрт аздап болса да келіп жатты, келіп жатты, бір уақытта Жаңаөзендегі оқиға шықты, осыдан кейін мүлдем тиым салды: «Бәрін бүлдіріп жатқан осылар», – деді. Қытайдан келген қазақты айтпағанда, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстаннан келген қазақтар басқа бір әлемнен келген сияқты, біз бәрінен озып кеткен сияқтымыз, кеше бәрі де советтік болды, бәріміздің жағдайымыз бірдей. Үкіметтің көзқарасы дұрыс болмаған соң, жергілікті жердегі қазақтардың көзқарасы да дұрыс болған жоқ, әрине, барлық жерде емес, бірақ көбіне-көп.

Әнеугүні шекарада бір жесір әйелді тонап, 50 мың долларын тартып алды. Басында ол ақшаны өздері қымқырып қалғысы келген, артынан әңгіме шыққаннан кейін барып кассаға өткізген, ақыры қайтарып берітін болды деп естідім. Ал енді сол адамдарға «шара қолданды» дегенді естімедім. Сонан кейін Ұзынағашта үш жігіттің 40 сиырын тартып алып, өздерін өлтіріп кетті. «Сұраушысы болмайды» деп ойлаған. Артынан ел шулаған соң, біреулерді соттаған болды, бірақ олар меніңше бір-екі адам емес, ұйымдасқан топ. Оңтүстікте 250 қазақты «құжаттары дұрыс емес, Қытайға қайтарамыз» дейді. Осының бәрі сырттағы елдің атажұртына келуіне бөгесін болып жатыр. Жаңаөзеннен кейін азаматтық беруді бес жылға шегерді, сонан соң жұрт жабылып жазып еді, төрт жыл деді, енді рас болса бір жылға қысқартты дейді, бірақ оның өзі де белгісіз. Осының бәрі – қазаққа жасалып жатқан қысас. Қазақтың келешегі – көптігінде, шетелдегі қазақтардың бәрі келуі керек, енді 20-30 жылда Қытайда қазақ қалмауы мүмкін.

***

Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Қазақтық сана атымен жоқ. Бұлар отырған орындарын тек жем жейтін астау деп қарайды. Содан соң қазақпен санасып қайтсын?! Біздің билік орыстан, шешеннен, ұйғырдан, тәжіктен қорқады, тек қазақтан ғана қорықпайды. Қазақтың арқасында министр, президент болып отырғанын ойламайды да. Екіншіден, неге әу бастан Қазақстанда оппозиция әлсіз болды? Өйткені мемлекет қазақтікі болғанымен, қазақтар 40-ақ пайыз болды, ал орыстілді басылымдар қазақты күн сайын жерге тығып жатты, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған «Казахстанская правда» қазақты жамандай бастады. Осы кезде қазақтар, біз де билікті жамандай бастасақ, мемлекеттің іргесі шайқалар еді. Бірақ, оны билік ұққан жоқ, қазақтың қорқақтығы, ездігі, нашарлығы деп ойлады. Содан артынан оппозиция шықты, бірақ олар ұлттық мүддені емес, өздерінің жем жейтін астауын ойлады. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетті. Алдыңғы үлкен кіслеріміздің біразы о дүниеге кетіп қалды, кейінгі қалған біздер шаршадық, ал жастарда қауқар жоқ, сөйтіп билік қазақты басынып, ойына келгенін істеп отыр. Бірақ мұның ақыры жақсы болмайды.

Соңғы кезде «қазақтарды қалаға келтірмеу» деген саясат басталды. Оның бірінші басқышы: «қазақтар барған жеріне тіркелуі керек» дейді. Сөйтіп ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген қаншама қазақты қуды, тоталитарлық мемлекеттегі сияқты еркін жүріп-тұруына тиым салды. Неге? Өйткені, қаланың халқы қазақтанып барады, егер кешегі Желтоқсандағы сияқты бүлік болатын болса, қаладағы қазақтың балалары көтеріледі, мақсат – соларды келтірмеу. Бұл – қазаққа қарсы саясат, ауылда жұмыс жоқ, сонда қазақ күнін қалай көреді? Билік о бастан қазақтың көбеюіне қарсы болды, қазақ тілінің аясын шектеді. Мемлекеттік қызметкерлерге талап қоймағанның өзінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитындарға қазақ тілін білуді міндеттеу керек еді, олар бұған «жақсы балалардан айырылып қаламыз» деп сылтау айтты. Ана тілін білмеген бала – жақсы бала емес. Егер сондай талап қойсақ, бәрі бір-ақ жылда үйреніп алатын еді. Осыны өз балалары қазақша білмейтін биліктегілер созып келеді...

Жазда Астанада үндінің жұмысшыларымен төбелес болды, оған да қазақтың жастарын жазықты етіп шығарғысы келіп еді, жұрт көтерілген соң іске аспады...

***

Қазақ бір заманда кеудесі ең жоғары халық еді, қазір басылып қалған. Өйткені үкіметіміз төбеден ұрып отыр. Көшеде дұрыс жүре алмайды, мысалы үшін, қазақ пен ұйғыр төбелессе қазақ кінәлі болады. Қазақты өте төмен дәрежеге түсіріп, бәріне құл қылып қойды. Бірақ ақыр түбі бәрі оңалып, орнына келетін шығар деп ойлаймын. Мен бірталай дүниелерді жаздым, әрине бәрін бірдей жазып та біре алмайсың. Екіншіден, жазғаныңнан ешқандай нәтиже жоқ. Бірақ Абай атам айтқан ғой: «Әйтеуір кейінгілер айтпады демесін деп аз ғана сөз шығардық», - деп.

***

Менің шетелге кеткенімді де сан-саққа жүгіртеді. Мұстафа Шоқай қайта алмайтын еді, қуғында жүрген, ал мені ешкім көкірегімнен итеріп қуған жоқ. Солженицын сияқты шекарадан ұшаққа мінгізіп шығарып салған жоқ. Мен өзім кеттім, бірақ соның алдында бес жыл бойы маған қарсы науқан жүрді. Осындайды халық ұмытып қалады екен. Айтылмаған сөз жоқ, бір күнде 5-6 газетке шыққан жағдай болды. Маған ол әсер еткен жоқ, маған әсер еткені қазақтың бір зиялы азаматы: «мынау бәленбай деген жазушымыз еді, неге осыған жала жабылып, қудаланып жатыр?» деп ара түсуге жараған жоқ. Содан соң балама кеттім...

Прагада 6 жыл тұрдым, содан соң үш жылдан астам Карлова Варыда тұрдым. Балам Америкаға жұмыс бабымен кетіп еді, сонда бардым. Және өсиет айттым: «мен ешқашан елге қайтып оралмаймын» деп. Балама да айттым «өлмейтін адам жоқ, өле қалсам сүйегімді елге сүйреп әуре болмаңдар, қай жерде өлсем, сол жерге қойыңдар» деп. Мұсылман зираттары Америкада да бар. Тіпті былай деп те айттым, бірақ оған бәйбішем рұқсат бермес, әдетте әйелің артта қалады ғой: «мүмкін менің сүйегімді өртерсіңдер» деп. Өйткені, біздің арғы балаларымызда мұндай дәстүр болған, кейін Смағұл Садуақасовтың сүйегін өртеді.

Беларусьтың үлкен жазушысы Василь Быковты да елінен ешкім қуған жоқ, келісе алмай кетіп қалды, бес жылдан кейін бір рет келіп кетіп, келесі жолы келгенде қайтыс болып, Беларусьте жерленді. Мен өйтіп өле қоймайын, Алматыда өлгім келмейді. Жұрттың ойында жүрсін, кейін «баласы әкелмей сол жаққа көміпті» деп жүрмесін, сол үшін айтып отырмын бұл әңгімені.

"Аңыз адам" журналы. №22. 16-30 қараша, 2017 жыл