14 нау, 2018 сағат 08:06

"Наурыз келді – басталды Амал күні!"

АМАЛ ТАБИҒАТТЫ ДА, РУХЫМЫЗДЫ ДА ЖАҢҒЫРТАДЫ


14 наурыз - Қазақстанның Батыс аймағындағы жұртшылық тойлайтын көрісу күні. Бұл мереке Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Ал, Маңғыстауда "Амал мерекесі" 14 наурыз күні басталып, ай соңына дейін жалғаса береді.

Осы атаулы күнге орай "Ұлт порталы" елімізге белгілі ақындардың өлеңдерінен құралған арнайы топтама ұсынғанды жөн санады.

 

Светқали НҰРЖАН, ақын.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Айбергенов атыдағы сыйлықтың иегері

АМАЛ. АЛМАТЫ. АҢСАР

Думаның да жерітті, тамашаң бар,
Аңсатып жүр иен қыр, оңаша аңғар...
Құт-науырыз далама енді бүгін,
Құт иесі қайда екен қара шалдар?
 
Әйнек шертіп, сүңгіден тамшы еріген,
Қыз-келіндер қиылып бар сәнімен;
Жамырасқан топ бала қайда кетті,
«Қырық үйге көрісіп таңсәріден»?
 
Кірбің кетіп көңілден, мауқын басып,
Көрісіп жүр бар қазақ қауқылдасып...
Осы елестер санамда тіріледі,
Түріледі таң-перде... Тау тұр басып...
 
Шайып кеткен шұғыла-нұр үй ішін,
Шыққан күннің қарашы жымиысын!..
«Сағынғаның келер...» – деп, – «сақтағанын»
Асады ана, шығарып сүр иісін.
 
Қуыстарға тығылып түнек керең,
Қауыз жарған әркімнен жүрек көрем.
Уыз татып жатыр жұрт барлық үйден,
Бір-біріне уыздай тілекпенен.
 
Жайым мынау түнімен «сор жалаған»,
Кім әкелер уыз-нұр сол даладан?..
Сәбиін айт, елменен бірге оянып,
Көкесінің соңынан жол қараған!..
 
Тас қалада тарығып тұрмын жасып,
Көңілді кір, қабақты кірбің басып.
Нас қоғамның түрмесін талқан қылып,
Сол ортаға жетермін бір күн қашып.
 
Әні қашық көңілдің, күйі шалғай,
Мен де нас боп барамын иіс алмай!..
Қиыса алмай кешегі кеткен жұртым,
Сенімен де жүрем бе сыйыса алмай?..

Алматы. 14.03.1984

 

АМАЛДЫҢ АҚША ҚАРЫ

Жұт, жаманшылық болмайтын жылдары науырыздың 14-де, міндетті түрде, Маңғыстауда «Амалдың ақша қары» жауады. Оны кейде «Құсқанаты» деп те атайды.

Сөз Иесі

Қош келдің, көктем!
Қош, қалқам! –
Кәрі қыр, баққа жарығыр!
Далама жайған дастархан –
«Амалдың ақша қары» бұл...
 
Таң-Шолпан көзін қаната,
Тосқан-ды талып тағаты –
Далама қонды таң ата
Сусылдап «Құстың қанаты».
 
Қыстайғы барын бөле ішіп,
Қанатын қағып тырна-көл,
Бастайды бүгін көрісіп
Ойдағы ел менен қырдағы ел.
 
Ақша қар тастап биігін,
Ақ құс боп қонды өріске.
Түседі, ал оның түйірін
Көтеріп бір-бір періште.
 
Заманның зауал заһары
Енбейтін шығар енді еске.
Қақаған қыстың қаһары
Кетеді-ақ ертең келмеске!
 
Ер болып елін ту қылған,
Жағады жанға шырақты, ал –
Сұмырай заман тудырған
Сұмпайы сұлтан-сымақтар!
 
Жайлайды жарқыл ғаламды,
Жазылып таудың әжімі.
Қыс бойы «қарқылдағанды» –
«Қаңқ» еткен жеңіп қаз үні.
 
«Ақ дала – алтын жөргегім,
Жөргегім – кебін!..
Мақұл!» – деп, –
Бүгіннен бастап пенденің
Кетеді бәрі ақын боп!
 
Көгіне Ай мен Күн ие,
Төріне ие – асқақ от –
Дүрлігіп ғажап дүние
Түлейді мүлде басқа боп!
 
Халайық шерін тарқатып,
Ел болып – қастар таныған,
Қалайық бірге дәм татып –
«Алланың дастарханынан!..»

2001 жыл

Рахат ҚОСБАРМАҚ, ақын.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі 

АМАЛ

Амал күні қазағым көріседі,
Көрісу, бұл – көненің желісі еді.
«Жасың құтты болсын!» деп жамырасып,
Ақ ниетпен адал қол беріседі.
 
Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп,
Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп.
Көріседі – «Көк мұз да жылысын» деп,
Көріседі – «Оң болсын Ұлысың!» деп.
 
Көріседі – қайғы-мұң кетіруге,
Көріседі – қайтадан жетілуге.
Алты ай қыстан арыған жанын демеп,
Көріседі – бел буып, бекінуге.
 
Ағайынды араздық ірітеді,
Ауызбірлік, ынтымақ-үгіт – емі.
Ескі жылда қатқан мұз, қалған сызды
Көріскен күн көңілмен жібітеді.
 
Бұзуға бұл дәстүрді еш бата алмайды,
Тірі пенде тып-тыныш жата алмайды.
«Ырыс алды – ынтымақ, бірлік қой» деп,
Абыз шалдар алыстан мақалдайды.
 
Қаймана елді қаратқан ауызына
Қарттарыма қарсы тіл қата алмайды.
Құшақтасып көрісіп қуанышпен,
Ауыл-үйдің арасын сапарлайды.
 
Ешкім бұл күн ежелгі ерегесін,
Ескі кегін қоздырып, ақы алмайды.
Өткен жылдың өкпесін, өкінішін
Жаңа жылға арқалап апармайды.
 
Татыр төбе бөленіп таңмен нұрға,
Бас бостандық берілер заңмен құлға.
Он төртінде наурыздың от жағылып,
Ошақ басы толады ән мен жырға.
 
Алақайлап жан-жаққа жаршы бармақ,
Алты ай қыстың азабын аршып алмақ.
Алтыбақан құрылып, айнала жас,
Алты қырдан асады ән шығандап.
 
«Қарау ой мен қас пиғыл құриды» деп,
«Арамзалар аспанға ұлиды» деп;
Айтушы еді шалдарым: «Амал күні
Самарқанның көк тасы жібиді» деп.
 
Кеңпейілдер кекшілді жаратпайтын,
Киелі үйге кесірді жолатпайтын.
Осы күні ормандай қалың елдің
Отауына бақыт кеп қонақтайтын.
 
Ала таңнан міндет қып азанды Алла,
Отанына бақ тілер озалдан да.
Уақыттың теңелгенін білдіретін
«Ұзынсары» салынып қазандарға.
 
Қырым-дала бас иген, Ұрым-қала,
Қызың – дара болғанда, ұлың – дана.
«Құсқанаты» жауғанда құба белге,
Құлдыраңдап шабатын құлын-бала.
 
Кәрі құда күркілдеп жөтеледі,
Қолдан келсе, қопарып кетер еді.
Ақша қары наурыздың жауғаннан соң,
Айдаһар-қыс көрпесін көтереді.
 
Есті тентек ақылы тез кіреді,
Екі дүние астасқан мезгіл еді.
Қар астынан қылтиып бәйшешек-гүл,
Қасиетін көктемнің сездіреді.
 
Сергек бала сең-қарды сере бұзып,
Деміл-деміл жүгірер дене қызып...
...Көрісейік ендеше, ей, адамдар,
Көңіл шіркін сілкінсін көбе бұзып.
 
Ел жайлаған иесіз қап Еділ бойы,
Тұнып жүрек түбінде шөгінді-ойы;
Алла содан сақтасын –
Адамдар бар
Көріспестен кететін өмір бойы.
 
Суынуға келгем жоқ сұм дүниеге,
Бұл ғаламға адамзат бір күн ие ме?!
Бірін-бірі көрместен, көріспестен
Кетіп жатыр қанша адам бұл дүниеде!

Қазыбек ИСА, ақын.

Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты,

«Қазақ үні» газетінің Президенті 

НАУРЫЗ КЕЛДІ – БАСТАЛДЫ АМАЛ КҮНІ!

Маңғыстаудың көргенде маң даласын,
Кеңістікке керемет таңданасың.
Қашағанның жырындай қайран жүйрік
Қашағанын уақыттың аңғарасың...
 
Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы – елімнің амандығы!
 
Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,
Жазылады жазира дастаны әлі.
Көктеміміз басталса Оңтүстіктен,
Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!
 
Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпан таудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!

 Сәулеш ШӘТЕНОВА, ақын.

ҚР Мәдениет қайраткері,

«Кең Жылой» газетінің бас редакторы (Атырау)

КӨРІСУ

Әруақ қонған арқалы ел,
Қол созып көрісейін мен.
Көк найзалы, балталы ел,
Кеңесіп, сенде келісейін мен.
Ақ шарқатыңды, қырқа, тарта бер,
Самалыңмен өбісейін мен.
 
Аңыз толғатқан аймағым,
Айқара құшағымды ашайын мен.
Жел жұлқылаған айдарын,
Адамыңды құшағыма басайын мен.
Әбескүндей арыстан жалды айбарлы,
Арнамнан асып, тасайын мен.
 
Мың қырат, мың құз, мың шатқал,
Әр жықпылыңды аралайын мен.
Құпияңды сәл-сәл сен де ақтар,
Тыңдайын-дағы, саралайын мен,
Аңыздар, жырлар, жұмбақтар,
Қойны-қонышымды толтырып оралайын мен.
Кел, көрісейік!


Айсұлтан ЖАҚЫП, ақын.

АМАЛ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

Амал күн қабыл болсын, мұсылмандар!
Еш уақыт тарықпаңдар, қысылмаңдар!
Жүрегіне иманды ұялатып,
Көңілден көк шайтанды ұшырғандар!

Осы күн құттықтаймын қазағымды,
Жаратқан, жібермегін азабыңды.
Алладан мен тілеймін осы күні
Бар пенденің жүрегі тазаруды.

Талай жыл өзге жұртқа шырмалдық та,
Сонша жыл «Құдай жоқ» деп жырладық та.
Ағайын, ақ ниетпен осы таңда
Бір малды шалыңдаршы құрбандыққа!

Амал күн кешіріңдер кінәліні,
Көрсетуге тырыспа бір әліңді
Төрінен қонақ кетпес жарқын халқым,
Төбеңнен түсірмегін Құраныңды!



Берік ТІЛЕГЕН, ақын.

АМАЛҒА АРНАУ

Жан болсаң салт-дәстүрдiң жолын бiлер,
Қолынды бер, кел, қалқам, қолыңды бер!
Құшағыңды аш ақжарқын дидарыңмен,
Сонда ғана көңiлге сенiм кiрер.

Сәл ызғарға бойсұнып, жүдеп келме,
Алаулатып жылу бер тiлектерге.
Бiздiң елде гүл көктем далаға емес,
Ең алдымен келедi жүректерге!

Мен бұл күнi бар әже, бар атаның
Алғысын ап, жастарға таратамын.
Құшағыма сыйғызып барлық досты,
Аялаймын ару қыз алақанын!

Құлатып көкiректiң мұң шынарын,
Көрсеткiн көңiлiңнiң күншуағын.
Талықсып талай күндер ұйқы басқан
Ояншы, табиғатым, тыншымағын.

Тiршiлiк қайта туып, жаратылған,
Төлдердiң дауысынан дала тұнған.
Ырысы мол мезгiлдi ерте келген
Айналайын, қарлығаш, қанатыңнан.

Табиғат қызықтырып келбетiне,
Жас шыбық бүршiк атар тербетiле.
Береке, бiрлiк тiле ел iшiне,
Тыныштық, саулық тiле жер бетiне!

Жағалап қариясын, ақбас шыңын,
Жалынды жас үйiнде жатпас бүгiн.
Ұмытпайық үлкендер ұлағатын,
Ұлықтайық бабаның салт-дәстүрiн!