17 сәу, 2019 сағат 08:17

Нотрдамға жоқтау айтқан қазақ өз жәдігерлеріне неге немқұрайлы қарайды?

Нотрдамда болмағаның, көрмегенің үшін өзіңді варвар санап қалады екенсің мына халықтың күңіреніп, теңселіп кеткенінен...

Қанша ғасырлық уақыттың тезіне, соғысқа төтеп берген сәулет өнерін, тарих куәгерін, тұтас бір өркениет жәдігерін өрт жалмағаны, әрине, өкінішті...

Бірақ мені өзіміздің тарихи жерлеріміздің қараусыз жатқаны, Нотрдамға жоқтау айтып отырған қазақтардың өз еліміздегі кесенелер мен қорғандарға немқұрайлы қарайтындығы көбірек қинайды.

Мысалы, Сарайшыққа барған сайын көңілім лайланып қайтады. Өзіміздің тарихты көз алдымызда Жайық шайып, бас сүйектер шашылып жатыр. Адамдар жерін қазып, ескінің тиын-тебенін іздеп шұрқ-тесік қылған.

Нотрдам де Пари отқа оранды, адам қуанатын жағдай емес. Бірақ, байлары мұрсатта 100 миллиондаған еуродан бөлісіп, оған біздің қазақтар да қосылып тиын-тебен аударып (шынымен) оны қалпына келтіруге қазірден кірісіп кетті.

Ал сенің, сенің ата-бабаңның, сенің ұлтыңның тарихы біздің безбүйректігімізден елеусіз де қараусыз сол жатқан күйі жатыр...

Арада жылдар өтеді. Ұл-қызымызды қайтадан қалпына келтірген Нотрдамға апарып, 2019 жылдың сәуірінде тарихи оқиғаға Фейсбуктың тікелей эфирі арқылы куәгер болғаныңды, оның отқа оранған мұнарасы қалай құлап бара жатқанын өз көзіңмен көргеніңді, тіпті сол сәтте оны скриншот жасап үлгергеніңді айтып, қазіргі реставрациясы оригиналынан бір мысқал да кем боп шықпағанын, оны қалпына келтіру үшін сен де ақша аударғаныңды жыр қылып жеткізесің. Сол кезде балаң сенен "Әке, біздің осындай тарихи жәдігерлеріміз бар ма? Қалай, қайдан көрсем болады?" деп сұрайды... Жауап бере алсақ сол кезде...

P.S. Дамып кеткен әлем қашан да дамығандығын көрсетеді ғой, біз секілді артта қалған елдерге үлгі боп. Мәселен, Париждегі осы бір "Құдай Ана" кафедрал шіркеуін сол қалпында реставрация жасау үшін оның моделін, әу бастағы үлгісін қайдан алғалы жатқанын білесіздер ме? Иә, білесіздер, естідіңіздер. Assassin's creed деген ойыннан. Иә, иә, кәдімгі компьютерлік видеойыннан. Сөйтсе, ол ойында осы шіркеудің барлық қырлары мен ұштары, кескіні мен келбеті тура жасалған екен...

Тимур Бектұрдың фейсбуктағы жазбасынан