24 нау, 2020 сағат 05:48

Нұр-Сұлтанда тағы екі адамнан коронавирус табылды

Елордада тағы да коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz ресурсына сілтеме жасап.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, 24 наурыз, сағат 08:10-дағы жағдай бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 64-ке жетті.

Нұр-Сұлтанда – 34, Алматыда – 26, Қарағандыда – 2, Алматы облысында - 1 және Ақтөбе қаласында 1 жағдай тіркелді.

Айта кетейік, Елімізде коронавирусқа қатысты 13 наурыз күні төтенше жағдай режимі енгізілді. Оған сәйкес театрлар, кинотеатрлар, сауда ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтаған болатын.

Кеше, 23 наурыз күні өңірлерде аумағы 2 мың шаршы метрден кем емес ірі сауда ойын-сауық орталықтары сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Олардың ішіндегі азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын әдеттегі режим бойынша жалғастырады. Аулалардағы дүкендер де жұмысын тоқтатпайды. 

Азық-түлік емес базарлар сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Санитарлық шаралар күшейтіледі. 

Өзгеріс карантин жарияланған астана мен Алматы қалаларынан басқа аумақта қолданылады. Алайда әкім мен бас санитар дәрігердің шешімімен қосымша шектеу енгізілуі мүмкін.