11 нау, 2020 сағат 15:55

Нұр-Сұлтанда жазушылар жаңа әліпби жобасын талқылады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіру туралы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында жазушылар мен ғалымдар арасында әліпби талқыдан өтті. Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М.Әшімбаевтың тәуелсіз сарапшылармен өткен кездесудегі ұсыныстары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, жазушы Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы және басқа да жазушылар мен ғалымдар қатысты.

Жиында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми- практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын таныстырып, бірқатар ерекшеліктерге тоқталды. «Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді. Мысалы: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke. Фонетикалық негізі Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді. Ал әдістемелік негізі дегенде ол Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң графикасына ұқсас болғандықтан оған тез дағдыланады», - деді ол.

Ал, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов талқылаудың Жазушылар одағы ғимаратында өтуі маңызды екенін атап өтті.

«Әліпби - ел ертеңі. Оны жан-жақты талқылап, фонетик ғалымдардың негіздемелері негізінде жасау - бүгінгі күннің басты талабы. Жазушылар үйі - рухани өміріміздің қайнаған ордасы. Бұл жерде рухани шешімдерге жетуге болады. Мына тарихи суреттердің өзі де сөйлеп тұр. Алаш қайраткерлері де осындай ортада Алаш тағдырын шешкен. Әліпбиге маңыз беріп, жеті рет өлшеп, бір рет шешілетін іс. Қазақтың әр қарпінің астарында ұлттық болымыс, қазақты қазақ етіп тұрған қасиеті тұр. Сондықтан да біз әліпби жасауда әр қаріпке дейін жіті көңіл бөліп, алдыңызға келіп талқылап отырмыз» -деді вице-министр.

«Біздің қазақ тілі де қыпшақ тілдер тобына жатады. Демек, түрік бабаларымыз біздің байырғы тілімізде сөйлеп, сол тілмен империясын басқарып, сол тілмен әлем өркениетіне өз үлесін қоса білді. Ал жаңа әліпби біздің халықтың қажетіне, көптің кәдесіне жарайтындай болғаны абзал. Біз осы жобаны қолдаймыз. Әсіресе, мына Ң таңбасының Ŋ деп таңбалануы қуантады», - дейді Халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, филология ғылымының докторы, жазушы Каржаубай Сартқожа.