25 мам, 2020 сағат 09:36

«Нұрлы жер»: Қызылорда облысында биыл 6400 отбасы баспаналы болады

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қызылорда облысында 6400 отбасы баспаналы болады, – деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Жалпы аумағы 784 мың шаршы метрді құрайтын баспаналар қаржыландырудың барлық көздері есебінен салынады.

«Биылғы І тоқсанда салаға 6,4 млрд теңге инвестиция бағытталып, жалпы ауданы 130,3 мың шаршы метр болатын 922 жеке үй пайдалануға берілді. Жалпы биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қызылорда облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 9,6 млрд теңгеге 47 жоба іске асырылып, 1385 адам жұмыспен қамтылады», - делінген министрлік ақпаратында.

Кредиттік немесе жалға берілетін 873 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз арендалық баспана құрылысына 22 жобаны іске асыруға 5,3 млрд теңге қарастырылған. Бірінші тоқсанда бұл мақсатқа 60 млн теңге аударылып, ол толықтай игерілді. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 43,8 мың шаршы метр болатын 680 жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған әлеуметтік топтарына, көпбалалы отбасыларға берілетін ол баспаналардың құрылысына 825 адам жұмысқа тартылады.

Ал кредиттік тұрғын үй құрылысына 17 жобаны іске асыру үшін 1,9 млрд. теңге қарастырылған. Оған 12 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 193 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ол жобаларды іске асыру үшін 301 адам жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, 2% несиемен «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 309 баспананы қарызға беруге республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылып отыр. Облыста тұрғын үй құрылыстары жүріп жатқан аумақтарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 8 жоба іске асырылады. Ол мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінеді. Аталған жобалар бойынша 259 жұмыс орны ашылады.