18 нау, 2020 сағат 14:12

Нұрсұлтан Назарбаев құрған жүйе нәтижелілігін көрсетті – Талғат Қалиев

Елімізде соңғы бір жыл техногенді сипаттағы сынаққа толы болғанына қарамастан, көптеген жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Талғат Қалиев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, кез келген мәселе бойынша шешімдер нақты әрі тез қабылданады. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев құрған жүйе өз тиімділігін көрсетіп жатқанының белгісі. 

«Бізге Елбасының рөлін, оның Қазақстан тарихына қосқан үлесін объективті түрде бағалау қиын. Биліктен өз еркімен бас тарту ерлікті, шешім қабылдай білуді талап етеді. Арада бір жыл өткеннен кейін мұның даналыққа толы шешім екенін көрдік. Былтырғы 19 наурыз қазақстандықтардың барлығы үшін күтпеген жағдай болды деп ойлаймын. Дегенмен бәрі конституциялық жолмен болды: сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің міндетін атқарушы болды, сайлауға түсті. Бүгінгі таңда біз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрған жүйесі жақсы жұмыс істейтініне көз жеткіздік», - дейді ол.

Т. Қалиев атап өткендей, соңғы бір жыл Арыстағы төтенше оқиға, Bek Air ұшағының апаты, Қордайдағы жағдай, коронавирус инфекциясы сияқты жаһандық және экономикалық сипатқа ие сынақтарға толы болды. 

«Бізде берік жүйе жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Қандай жағдай болғанына қарамастан мемлекет сенімді түрде жұмыс істеуде және шешімдер нақты әрі жылдам қабылданады. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев құрған жүйе нәтижесін көрсетіп жатыр. Адамның психологиясы сондай: өзімен замандас данышпандарды мойындауы өте қиын. Олар үшін Абай, әл-Фараби, Сократ пен Аристотельді мойындау әлдеқайда жеңіл. Өз арамызда ерекше тұлға жүруі мүмкін екенін мойындау оңай емес. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаевтың бағасын келер ұрпақ береді. Он жылдықтар өткен соң бағалауға болатын нәтиже ғана қалады», - дейді спикер.

ОКҚ директоры Елбасы тәуелсіз Қазақстанда өшпес із қалдырғанын, себебі ол егемен елдің негізін қалаушы екенін айтып өтті. 

«Нұрсұлтан Назарбев билікке елге қиын кезеңде келді. Қазір 90-жылдары жағдай қалай болғанын екінің бірі біле бермейді. Кеңес одағы құлаған кезде елімізді жұмыссыздық, сенімсіздік, қылмыс жайлады. Адамдар өз мәселесін құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы емес, «бандиттер» арқылы шешті. Сол кезеңде оларды теледидардан көрсетіп, сұхбат алып, беделді адам санады. Көп адам ел болашағына күмәнмен қараған уақытта мемлекет басқарып, институттар құру оңай емес еді. Елбасы елді жаппай дағдарыс кезеңінен алып шықты. Бастапқы он жылда ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, зейнетақы жүйесі, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде шешуші реформалар қабылдады. Мұны бздің тәжірибемізді сарапқа салу үшін келетін ресейліктер де мойындады. Қазіргі уақытта еліміз жаңа сын-қатер ықпалында тұр. Бүгінгі таңда импорт, экспорт ағыны болмайды: өз елімізді өз бетімізбен қамтамасыз етуімізге тура келеді. Естеріңізде болса, бір жыл бұрын «Қарапайым заттар экономикасын» Нұрсұлтан Назарбаев бастаған. Енді оны толық меңгеруіміз керек. Бұл халық үшін өте керек дүние. Қазіргі уақытта біздің халқымыз үшін тұрақтылық өте маңызды», - дейді Талғат Қалиев.

Оның сөзінше, ҚР Тұңғыш Президенті кадр даярлау мәселесіне де әрқашан көп көңіл бөлді.

«Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша 12 мың адам оқыды. Бүгінгі таңда олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірігіп, билік жүйесін жаңартуда. Қазргі уақытта жастар кадр резерві қалыптасты, олар дербес жұмыс істей алатындарын көрсете алады деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.