27 ақп, 2020 сағат 10:45

Нұртөре Жүсіп этностар бірлігі туралы: Дауласуға болады, жауласуға болмайды

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас мәселелері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, этносаралық қарым-қатынасты сөз еткенде бірінші кезекте мемлекеттілік, тәуелсіздік, отбасы құндылықтары, адами құндылықтар, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарау, қазақтың тілін меңгеруге көңіл бөлінуі керек.

«Көшіп кеткен немістердің өзі қазақтың салт-дәстүрін әлі ұмытпай отыр. Өйткені, олар елдік қасиетімізге деген құрметті көрсетіп отыр. Екінші мәселе – ақпараттық тұрғыда сауаттылық керек. Айталық, бір қылмыстық оқиға болса, дереу азаматтың аты мен ұлты көрсетіледі. Сосын «оқиға», «қикілжің», «қақтығыс», «қырғын» деген анықтамаларды бергенде барынша абай болған дұрыс. Мәселен, «Қордай қырғыны» деп жазылды. БАҚ өкілдеріне осындай төтенше жағдайларды жазып көрсету дағдырларын үйрету керек», - деді Нұртөре Жүсіп елордада этносаясаттың өзекті мәселелері туралы дөңгелек үстелде.

Депутат этносаралық мәселелерді шешудегі сарапшылар мен саясаттанушылардың жұмысын сынға алды.

«Оқиға өтіп кеткен соң сарапшылар, конфликтологтар, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар дүр ете қалады. Оларға бұған дейін қайда болдыңдар деген сұрақ қойғым келеді. Зерттеулер қайда? Қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар қанша? «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» деген сөз бар. Яғни мәселенің алдын алу, терең зерттеу, ушықтырмай шешуде мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді іс-әрекет жетіспей тұрғандай көрінеді», - деді ол.

Сонымен бірге, Н. Жүсіп «Көрші институтын» тиімді пайдалануды ұсынды.

«Америкалық киноларда жаңадан көшіп келгендерге көршілер тәтті бәліштерін алып, танысуға келеді. Біздің ерулік беру дәстүрімізге ұқсайды. Бұл жай ғана таныстық емес, бұл – көршіні анықтау, барлық жағдайын білу, тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп қарастыруға да болады. Егер көрші өз баласына қысым жасайтын болса, дереу тиісті орындарға хабар беріледі. Қазақстанда қазір ішкі миграция, урбанизация процестері күшейді. Бізде біреудің біреумен ісі бар ма? Көрші институтын неге дұрыс пайдалана алмай отырмыз деген сұрақ туындайды», - деді Н. Жүсіп.

Бесінші мәселе ретінде депутат Қазақстандағы әлеуметтік оқшаулану белгілерін айтты.

«Әр ұлт пен ұлыс өкілі өз бетінше өмір сүріп жатқандай. Тәжік ауылы, өзбек ауылы дегеннен басқа не білеміз? Әр ауылдың өз мектебі, өз мешіті, тіпті өз моласына дейін бар. Олар қазақ ортасына қайдан кірігеді? Кіріктіру мен біріктіру механизмдері іске қосылмай жатыр. Менің ұсыныстарым – Президенттік басқару академиясында және елдегі жетекші оқу орындарында «Конфликтология» факультеті ашылса, артық болмас еді. Ел-жұртпен тікелей жұмыс істеу, сөйлесу, тыңдау, даулы мәселелерді реттеп шешу үшін конфликтолог мамандар қажет. Әсіресе аймақтардағы ішкі саясат басқармаларында қазақтілді конфликтолог мамандар болуы тиіс», - деді спикер.

Екіншіден, қазақ мәдениеті шеңберінде өмір сүру ұсынылды. Қазақстанды мекендеп отырған ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ мәдениетін, мемлекеттің мәдени кеңістігін қабыл алуы тиіс. Айталық, биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлық ұлыстың 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы деген айтулы мәдени-рухани шаралар болады. Мәдени құндылықтар негізінде бірлесу – кез келген Қазақстан азаматына пайдалы болар еді.

Үшіншіден, ортақ түсіністік ортақ тіл арқылы қалыптасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру қажеттігін айтты. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу талабын қатаң міндеттеу қажет. Стратегиялық тұрғыдан алғанда елдегі балабақшаның бәрін мемлекеттік тілде тәрбие беретін орталықтарға айналдыру өте маңызды.

«Қазақ өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін «Тамыр» деп бауырына тартқан еді. Осы тамырластық жыл өткен сайын күшейе беруге тиіс еді. Өкінішке қарай, өте қиын кезде бір-бірімен тамыр болған, туыстасқан адамдардың ұрпағы қазір бір-бірінен алшақтап барады. Тамыр болу – тағдырлас болу деген сөз. Бауырластықтың осы буынына барынша көңіл бөлген дұрыс», - деп атап өтті Н. Жүсіп.

«Бесіншіден, Левшин, Гумилевтерден бастап, қазаққа қызмет еткен тұлғалар бар. Григорий Потанин, біздің мың әнімізді хаттап кеткен Александр Затаевич, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Борис Ерзакович, кешегі Герольд Бельгер сияқты өзге ұлт өкілдерінің адал еңбектерін неге насихаттамасқа? Осындай тұлғалар туралы деректі, керек болса көркем фильмдер неге түсірмеске? Алтыншы – қазақтану дәрістері мен үрдістерін жалғастыру. Осыдан 4-5 жыл бұрын, ҚХА бір жиынында неге басқа ұлт өкілдері қазақтың тұсаукесер, тілашар сынды жақсы салт-дәстүрлерін қабыл алмайды деп сұраған едім. Қазір қазақтану шаралары арқылы тұсаукесер жасайтын өзге ұлт өкілдері көбейді. Жетіншіден, өз өмірін қуатты Қазақстан Республикасымен байланыстыратын кез келген азаматтың мемлекеттік тілді білу талабына қолдау көрсету керек. Яков Федоров, Максим Споткай, Максим Рожин сынды қазақ тілінде таза сөйлейтін азаматтар мемлекеттік мүддені терең түсінгені қуантады. Біз осылай, бауырластық қағидатын қалыптастыруымыз керек. Кешегі Максим Рожиннің қазақ тілін үйрететін еріктілер қатарын көбейту туралы бастамасын қолдаймын», - деді депутат.

Сонымен бірге, Н. Жүсіп этностардың дін, спорт, мәдениет саласында бірігудің маңызды екенін атады.

«Сегізінші – дін бауырластығын күшейту. Қазақстан халқының басым бөлігі – негізінен мұсылман. Ораза, Құрбан айт мерекелерін тиімді пайдалану тетіктерін іздеп, Наурыз сынды ұлттық мерекелерді жалпыхалықтық ету керек. Тағы бір мәселе – спорт. Халықаралық спорттық жарыстарда қазақстан халқы бір жұдырықтай бірігіп отырады. Шаршы алаңға Геннадий Головкин шыққанда, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Ольга Шишигина, Серік Сәпиевтер шыққанда, кім олардың ұлты мен руын сұрады? Бізге осындай бірлік пен тұтастық керек. Сосын өнер бірлігі маңызды – Димаш өз өнерімен қазақ ұлтын әлемге танытып жатыр. Димашқа еліктеп қазақ әнін шырқаған қанша шетелдіктерді білеміз. Осы құндылықты дамыту керек», - деді Нұртөре Жүсіп.

Оның айтуынша, барлық мәселеге ең алдымен қазақ ұлты жауапты.

«Пікір алуандығы, түрлі көзқарастың болуы – заңдылық. Түрлі мәселеде айтысуға, тартысуға, таласуға, дауласуға болады. Бірақ жауласуға болмайды. Қазақтілді кеңістік қазір күшейіп келеді. Барлық мәселеге бірінші кезекте қазақ ұлты жауапты. Бұл жауапкершілікті ешкім мойнымыздан алып тастаған жоқ. Тұрақтылық болмаса, тәуелсіздігімізге қауіп төнеді, іргесі шайқалады, елдіктен айырылып қалуымыз мүмкін. Осы ой кез келген Қазақстан азаматының қаперінде тұруы керек», - деді Нұртөре Жүсіп.